- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Партиялар не нәрсеге ұмтылуы керек – сайлаушылар пікірі
Партиялар не нәрсеге ұмтылуы керек – сайлаушылар пікірі
Қоғамдық пікір сауалнамасы азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі мен Құрылтайдан күтетін өзгерістерін көрсетті. Нәтижелердің толық талдауын оқыңыз.
7 Тамыз 2026, 17:20
Еуразиялық интеграция институты БАҚ өкілдеріне арналған онлайн-брифинг барысында қазақстандықтардың электоралдық мінез-құлқының түрлі аспектілерін зерттеу аясында 2026 жылғы 16-26 шілде аралығында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеудің кезекті нәтижелерін жариялады.
Бұған дейін хабарланғандай, азаматтар арасында жүргізілген жаппай сауалнамаға (face-to-face) Қазақстанның 17 облысынан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 4 000 респондент қатысты.
Зерттеу нәтижелері қоғамда сайлау науқандары, саяси партиялардың рөлі мен қызметі туралы нақты әрі байыпты түсінік қалыптасқанын, сондай-ақ жүргізіліп жатқан саяси реформалардың оң ықпалы туралы пікірдің басым екенін көрсетті.
Сайлауға қатысуға дайын азаматтар саны артқан
Зерттеу деректеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 78,2%-ы сайлау мен референдумдарға тұрақты түрде қатысатынын айтқан.
Сонымен қатар әрбір электоралдық науқан сайын дауыс беруге қатысушылардың үлесі өсіп келеді. Атап айтқанда:
- 2023 жылғы парламенттік сайлауға – 53,4%;
- 2024 жылғы референдумға – 63,4%;
- 2026 жылғы референдумға – 75,3% қатысқан.
Институт бұл көрсеткіштердің Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ресми деректерімен барынша сәйкес келетінін атап өтті.
Азаматтардың басым бөлігі дауыс беруді азаматтық борышы деп санайды
Жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өткен референдумға қатысқан азаматтар дауыс беруге не түрткі болғанын да атаған.
Респонденттердің:
- 71%-ы дауыс беруді азаматтық борышы деп есептейді;
- 69,6%-ы жүргізіліп жатқан саяси реформаларды маңызды деп санайды;
- 31,4%-ы дауыс беруді өзінің ажырамас демократиялық құқығы ретінде бағалайды;
- 18%-ы алғаш рет дауыс беру жасына жеткендіктен қатысқан.
Респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдай алғандықтан, көрсеткіштердің жиынтық үлесі 100%-дан асады.
Институттың пікірінше, осы факторлар 23 тамызда өтетін референдумдағы сайлау белсенділігіне де ықпал етуі мүмкін.
Сайлау туралы ақпаратты қайдан алады?
Зерттеу барысында азаматтардың сайлау процестері туралы ақпаратты қай көздерден алатыны анықталды.
ТОП-7 ақпарат көзі:
* теледидар – 51,6%;
* Instagram – 44,5%;
* жаңалық таратушы интернет-порталдар – 32,5%;
* отбасы мүшелері мен туыстары – 27,4%;
* TikTok – 23,8%;
* жұмыс орны немесе ұйым – 22,5%;
* достары – 21,7%.
Бұл сұрақта да бірнеше жауап нұсқасын таңдау мүмкіндігі болғандықтан, көрсеткіштердің жиынтық үлесі 100%-дан асады.
Зерттеу қорытындысы бойынша, саяси контентті тұтынуда телеарналар өзектілігін сақтап отыр. Сонымен бірге әлеуметтік желілер арасында Instagram мен TikTok кеңінен қолданылатыны байқалған. Азаматтар сайлау туралы ақпаратты тұрақты түрде алып, оны күнделікті ортасында талқылайды.
Құрылтай сайлауынан күтілетін өзгерістер
Зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың басым бөлігі жаңа Конституцияның қабылдануы сияқты палаталы Құрылтайдың құрылуын да оң өзгерістермен байланыстыратынын көрсетті.
Сауалнамаға қатысқандардың:
* 68%-ы Құрылтай сайлауынан кейін өмірінде жақсы өзгерістер болады деп үміттенеді;
* 48,8%-ы сайлау әділ өтеді деп сенеді;
* 43,3%-ы Құрылтайға сайланатын депутаттар азаматтардың мүддесін қорғайды деп күтеді;
* 35,9%-ы жаңа депутаттардың келуі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартады деп есептейді;
* 23,8%-ы олардың саяси мәдениеттің дамуына ықпал ететініне сенеді;
* 22,3%-ы депутаттардың халыққа жақын болып, сайлаушылармен ашық байланыс орнатуын қалайды.
Бұл сұрақта да респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдаған.
Азаматтар партиялардан не күтеді?
«Қазақстандағы саяси партия тиімді қызмет етуі үшін ең алдымен не істеуі керек?» деген сұраққа берілген жауаптар партияларға қойылатын негізгі талаптарды айқындады.
Респонденттердің пікірінше:
* 44%-ы партиялар елдің экономикалық өсуі мен өркендеуіне үлес қосуы тиіс;
* 33,2%-ы әлеуметтік әл-ауқат пен теңдікті қамтамасыз етуге басымдық беруі қажет деп санайды;
* 32,4%-ы елдің алдағы даму бағытын нақты түсіндіре алуы керек деп есептейді.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылар:
* партия көшбасшылары мықты әрі тартымды тұлға болуы тиіс (29,9%);
* заңдармен сауатты жұмыс істеп, халыққа нақты пайда әкелетін заң жобаларын насихаттауы қажет (29,8%);
* демократиялық қағидаттарға адал болуы керек (20,1%);
* сайлаушылармен, соның ішінде БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты байланыс орнатуы тиіс (20%) деген пікір білдірген.
Зерттеу қорытындысы
Еуразиялық интеграция институтының мәліметінше, зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың қоғамдық-саяси және сайлау процестеріне қатысу белсенділігі артып келе жатқанын көрсетеді. Қоғамның саяси оқиғаларға қызығушылығы жоғары.
Институттың бағалауынша, зерттеу нәтижелері қазіргі сайлау науқанына қатысып жатқан саяси партиялар үшін де маңызды тәжірибелік мәнге ие. Олар үгіт-насихат жұмыстарының әдістерін, арналары мен мазмұнын, сондай-ақ жалпы сайлау стратегиясын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Зерттеу іріктемесі Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірдегі деректері негізінде облыс, қала/ауыл, жыныс, жас және этникалық құрам параметрлері бойынша репрезентативті түрде жасалған. 95% сенімділік ықтималдығы жағдайында статистикалық қателік ±1,54%-дан аспайды.
Еуразиялық интеграция институты аталған деректерді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-С-30 жазбаша хабарламасы негізінде жариялағанын мәлімдеді.
Тағы оқи отырыңыз: Сауалнама нәтижесі: Қазақстандықтардың 68%-ы Құрылтай сайлауынан оң өзгеріс күтеді
Ең оқылған:
- Қазақстанда әр балаға 50 мың теңгеден беріледі: Көмекті кім және қалай алады?
- ҰБТ-2026: Қанша талапкер грант конкурсына өтті?
- +40°C ыстық пен дауыл: 7 тамызда ауа райы қандай болады?
- Алматыдағы саябақта ер адам балаларға шабуыл жасаған: Анасы оқиғаның мән-жайын айтты
- 7 тамызда мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланады
Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ