Парламенттің қазіргі шақырылымын таратпаймыз – Әділет министрлігі

9 Маусым 2022, 14:58
1422
Бөлісу:
Парламенттің қазіргі шақырылымын таратпаймыз – Әділет министрлігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлімдеді. 

Оның айтуынша, Парламенттің қазіргі шақырылымы туралы мәселе жоқ. 

БАҚ өкілдерінен ведомствоға «Конституциялық реформалардан кейін Парламенттің жетінші шақырылымы таратыла ма?» деген сұрақ көп келіп түседі. Қазір жетінші шақырылым жұмыс істеп жатыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы аяқталғанша олар өз жұмысын жалғастырады. Қазір Парламенттің қазіргі шақырылымын тарату туралы мәселе қойылып отырған жоқ, - деді  вице-министр. 

Елімізде 5 маусым күні Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша жалпыхалықтық дауыс беру, республикалық референдум өткені белгілі. 

ОАК есептеулері бойынша референдумға 7 985 769 адам немесе тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 68,05%-ы қатысты. Республикалық референдумға: «Сіз 2022 жылғы 6 мамырда БАҚ-та жарияланған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"ҚР Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген бір сұрақ қойылды. 

Референдумға қойылған мәселе бойынша шешім қабылдауға 6 163 516 адам немесе дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18% - ы дауыс берді, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы