Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдымен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін (МӘМС) реформалау жалғасады. Үкімет пен Парламент осы жүйені жетілдіретін заң жобасын тез арада дайындап, сессия соңына дейін қабылдауға тиіс. Елімізге геологиялық барлау саласында жұмыс істейтін ірі шетелдік компаниялар келе бастады. Осы орайда, жер қойнауын пайдалану құқығын әділ әрі ашық бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды. Президент бұл бастаманың заңнамалық негізін осы сессия аясында қамтамасыз етуді тапсырды, - дейді депутат.
Қазақстанда екінші АЭС салу мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Президент бұл жобаның маңыздылығын атап өтіп, Үкімет пен Парламентке атом электр стансасының орналасатын аймағы бойынша нақты ұсыныс беруді жүктеді. Сонымен қатар, цифрлық активтерді заңды айналымға енгізу үшін арнайы инфрақұрылым құру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Президент қаржы саласының реттеушілеріне тиісті заңнамалық база дайындауды тапсырды, - дейді Елнұр Сабыржанұлы.
Депутат елде "Заң және тәртіп" қағидасын бекем орнату керегін де баса айтты.
Ол үшін құқық бұзушылықтың кез келген түріне "мүлдем төзбеушілік" қағидасын енгізу қажет, - деді ол.