Парламентті балабақшаға айналдырмайық – экс-сенатор

10 Ақпан 2020, 16:05
3419
Бөлісу:
Парламентті балабақшаға айналдырмайық – экс-сенатор
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Әділет министрлігінде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" және "Саяси партиялар туралы" Заңдарға өзгерістер енгізуге байланысты Қоғамдық кеңесі отырысы өтті. 

Осы өзгерістер арқылы партияны тіркеу шегі 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендетіледі. Сонымен қатар, партиялық тізімінде әйелдер мен жастарға (29 жасқа дейін) арналған міндетті 30% квотаны енгізу қарастырылған.

Біз аталған мәселе бойынша шетелдік тәжірибені зерттедік. Ол бойынша әйелдердің сайланбалы органдарда өкілдік етуін арттыру құралдарының бірі – әйелдер үшін арнайы квоталар енгізу. Партиялық арнайы квоталар Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады және тиісті нормалар Германияда, Норвегияда, Францияда және Бельгияда сайлау туралы заң деңгейінде бекітілген. Бұл ретте, мемлекет басшысы атап өткендей, біз Парламентке және жергілікті өкілді органдарға жастардың келуіне ықпал етуге тиіспіз, - деді Әділет министрлігінің Заңнама департаментінің басшысы Олжас Данабеков.

Қоғамдық кеңес барысында жиналғандар 29 жасқа дейінгі жас азаматтардың Парламент пен мәслихатқа сайлануы туралы пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты.  

Біріншіден, арифметикалық есеппен қарайтын болсақ, біз биыл балаларымызды 12 жыл оқытамыз. Мектепті 18-де бітіреді. Ал егер ондай азамат медицина бағытында оқыса, онда ол 27-28 жасында тек білім алады. Кейін, сондай жастарды партияның есебінен сайлауға ұсынсақ, ондай азаматтарға дауыс бермеу қаупі бар. Себебі, ол жас, тәжірибесі жоқ "жерде" жұмыс істемеді деп айтуы мүмкін. Екіншіден шетелде, мысалы АҚШ-тың Конгресіне, Жапонияның Кеңес палатасына 30 жастан бастап қабылдайды, - деді "Жас Отан" жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев.

Оның айтуынша, қазір БҰҰ-ның классификация бойынша "жас" деп 44 жасқа дейінгі адамдарды айтады. Сондықтан заң шығарушы органға сайлана алатын азаматтардың жас мөлшерін қазірні 29-дан 35-ке дейін көтеруге болады. 

Мен бұрын судья да, сенатор да болдым. Әріптестеріммен келісемін, Мәжіліс пен Сенатта өмірде айтарлықтай тәжірибесі бар, өз ісін білетін мамандар болуы керек. Мәселен, судьялар 35 жастан бастап сайланады. Бұл еуропалық, әлемдік тәжірибе. Сіздер неліктен 29 жасқа қадалып қалдыңыздар. Соншалықты қатаң талап жоқ қой. Депутат тәжірибелі, жұмыс қабілеті бар адам болуы керек. Ал, жарайды, 29 жастағы "бала" мәжіліске келіп, халықпен кездесе бастайды. Бұл қалай болады? Себебі, мен халықпен кездестім және олар қандай сұрақ қоятынын білемін. Алайда, кейде менің өзім тәжірибеме қарамастан, кей сұраққа жауап бере алмаймын. Ал 29 жастағы азамат әлі өмір көріп те үлгермеді. Біздің заң шығарушы органды балабақшаға айналдырудың қажеті жоқ, - деді Әділет министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Ақылбай.
Өзгелердің жаңалығы