Көркем гимнастикадан Ташкентте өтіп жатқан лицензиялық Азия чемпионатында 18 жастағы Эльжана Таниева топ жарып, Париж олимпиадасының жолдамасын иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
41 спортшы бақ сынаған бәсекеде атақты Әлия Жүсіпова баптайтын Эльжана Таниева ең үздік екенін дәлелдей білді. Бұл Қазақстан қоржынына түскен шілдеде өтетін Париж олимпиадасының 50-ші лицензиясы.
1-орынға табан тіреген жерлесіміз жалпы есепте 133.40 ұпай жинады.
Оның ішінде.
Шығыршық жаттығуы – 34.30 ұпай (1-орын)
Доп жаттығуы – 33.85 ұпай (2-орын)
Ұршық жаттығуы – 34 ұпай (2-орын)
Лента жаттығуы – 31.25 ұпай (4-орын)
2-орын. Тахмина Икромова (Өзбекстан) – 130.15 ұпай жиынтығы.
3-орын. Рейна Матсусака (Жапония) – 127.75 ұпай
5-орын. Айбота Ертайқызы – 126.90 ұпай
Жарыс барысында жерлесіміз былтырғы жазғы Азия ойындарының 2 дүркін чемпионы, бірнеше дүркін Азия чемпионы Тахмина Икромовадан басым түскенін айта кетуіміз керек.
Азия чемпионатына қатысып, көптен күткен Париж олимпиадасының жолдамасын иеленгеніме өте қуаныштымын. Бәсекедегі басты қарсылас ретінде өзімді есептедім. Себебі, өзімді жеңсем, қателеспесем жоғарғы орыннан көрінетімді білдім. Бұл жеңіс тек менің ғана емес, қолдау көрсеткен жанкүйер, жеке бапкерім Әлия Жүсіпова, дәрігерлер т.б. мамандардың еңбегі бар! - деді Эльжана Таниеваның өзі.
Айта кетейік, көркем гимнасшыларымыз 2004 жылдан бері жазғы Олимпиада ойындарына тұрақты қатысып келеді. Оның ішінде 2004 жылы Афинада Әлия Жүсіпова ең жоғарғы көрсеткіші 4-орынға табан тіресе, 2008 жылы Пекиндегі олимпиаданы 5-орынмен аяқтаған болатын.