Паравелоспортпен айналысамын деп ойлаған емеспін – спорт шебері

Кеше, 11:26
2468
Бөлісу:
Паравелоспортпен айналысамын деп ойлаған емеспін – спорт шебері
PHOTO
Фото: BAQ.KZ

Қазіргі уақытта Қазақстанның паравелоспорт құрамасы Малайзияда тректегі Азия чемпионатына дайындықтың соңғы күндерін өткізіп жатыр. 21-27 ақпан аралығында өтетін бұл жарысқа 16 елден 250-ге жуық спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде еліміздің намысын алты спортшы қорғайды, олардың қатарында Жұлдыз Қайнарова да бар. Жұлдыз – паравелоспорттағы талантты спортшылардың бірі. Ол бұл спортқа қалай келгені, тандем-велосипедті меңгеру кезіндегі қиындықтар және алдағы чемпионатқа дайындығы туралы сұхбат барысында айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Жұлдыз, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз?

Мен 1990 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қайназар ауылында дүниеге келдім. Отбасымның тұңғышымын, менен кейін үш інім бар. Бала күнімде көз алмасының онкологиялық дертімен күресуге тура келді. Үш жасымда бірінші, сегіз жасымда екінші көзіме ота жасалып, көру қабілетімнен айырылдым. Ата-анам мені қоғамға бейімдеу үшін бар күшін салды. Осылайша, Алматы қаласындағы Н. Островский атындағы көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған мектеп-интернатқа түстім. Мектепте түрлі үйірмелерге қатысып, белсенді болдым. Сол кезеңде спортқа деген қызығушылығым оянып, пара жеңіл атлетика және тоғызқұмалақпен айналыса бастадым. Бірақ сол кезде спортты өмірімнің басты бағытына айналдырамын деген ой болмады. Мектепті бітірген соң мамандық таңдауда қиындық көрдім. Себебі көру қабілеті шектеулі жандар үшін бағыттар аз болды. Ойлана келе медициналық колледжде массажист мамандығына түстім. Екі жыл оқып, осы мамандықтың иесі атандым. 2014 жылы отбасын құрып, ана атандым. Кейін спортқа жақын болғандықтан, өзімді одан әрі дамыту мақсатында 2015-2019 жылдары Спорт және туризм академиясында білім алдым. Осылайша, кәсіби спорт жолына түсіп, бүгінде Қазақстан Республикасының паравелоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым.

Паравелоспортпен айналысамын деп ойлаған емеспін – спорт шебері
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Неге велоспортты таңдадыңыз?

Паравелоспорт туралы бұрыннан естігеніммен, өзім айналысамын деп ойлаған емеспін. Көру қабілеті зақымданған жандар арасында спортты насихаттап жүрген Сейітжан Кенжеғұл Социалұлымен таныс едім. Университетті бітіргеннен кейін, бір жыл өткен соң, ол маған паравелоспортқа келуді ұсынды. Бұл уақытта Қазақстанда паравелоспорт қарқынды дамып, федерация құрылып, ел біріншіліктері ұйымдастырылып жатқан еді. Спортқа деген қызығушылығым мені бұл ұсынысты қабылдауға жетеледі. Алғаш рет тандем-велосипедке мінгенде қорқыныш болғанымен, спорттық мінезім оны жеңуге көмектесті. Дайындықсыз қатысқан алғашқы ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсетіп, өзіме деген сенімім артты. 2020 жылы паравелоспортқа қадам бастым, ал 2022 жылы Қазақстан чемпионы атанып, ұлттық құраманың мүшесі болдым. Осылайша, менің спорттағы жолым басталып, бүгінге дейін жалғасып келеді.

Паравелоспортпен айналысамын деп ойлаған емеспін – спорт шебері

- Паравелоспорттың ерекшелігі неде?

Паравелоспорт – ерекше сенім мен үйлесімділікті талап ететін спорт түрі. Көру қабілеті зақымдалған спортшылар үшін ол тандем-велосипедте өтеді, яғни бір велосипедті екі адам – пилот пен стокер бірге басқарады. Пилот – көру қабілеті қалыпты спортшы, ол велосипедті басқарады, бағыт береді, бұрылыстар мен еңістерді алдын ала ескертіп, жарыс барысында тактикалық шешімдер қабылдайды. Стокер – көру қабілеті зақымданған спортшы, ол велосипедтің артқы бөлігінде отырып, педаль айналдырып, пилотпен толық синхронда жұмыс істейді. Бұл спорттың басты ерекшелігі – екі адамның бір механизм секілді үйлесімді жұмыс істеуі. Мұнда тек физикалық күш қана емес, сенім, сезімталдық және өзара түсіністік маңызды рөл атқарады.

Паравелоспортпен айналысамын деп ойлаған емеспін – спорт шебері

- Паравелоспортты меңгеру қиын болды ма?

Алғашында тандем-велосипедті үйрену оңай көрінгенімен, трассаға шыққанда оның қаншалықты күрделі екенін түсіндім. Біріншіден, велосипедті жалғыз басқармайсың, барлық әрекетің пилотқа тәуелді. Оның қимылын сезініп, сенімді түрде қозғалу керек. Екіншіден, трассадағы түрлі жағдайлар қиындық туғызады. Мысалы, тізбектің кенеттен түсіп кетуі, дөңгелектің жарылуы немесе бұрылыстарда тепе-теңдікті жоғалту – мұның бәрі үлкен жылдамдықта қауіпті болуы мүмкін. Өзім мұндай жағдайларды басымнан өткердім. Бір жарыста қатты жылдамдықпен келе жатып, бұрылыста тізбек түсіп, тепе-теңдікті жоғалттық. Велосипедтен құлағанымызбен, жылдам әрекет етіп, жарысты жалғастырдық. Бұл жағдай маған қиындықтарды еңсеруді, сабыр сақтауды және спортта ең бастысы – төзімділік екенін көрсетті. Паравелоспорт тек физикалық күшті ғана емес, психологиялық дайындықты да талап етеді. Сен пилотқа толықтай сенім артуың керек, өйткені ең кішкентай күмәннің өзі үйлесімділікті бұзып, жарыс нәтижесіне әсер етеді. Бұл спорт мені шыдамдылыққа, сенімділікке және қиындықтарды еңсеруге үйретті.

- Ең есте қалған жарыстар қайсы? Қандай жетістіктеріңіз бар?

Азия елдері арасында Қазақстанның паравелоспортшылары қарқынды дамып, үлкен жетістіктерге жетуде. 2024 жылы Алматыда өткен Азия чемпионаты – мен үшін ерекше есте қалған жарыстардың бірі. Сол жарыста ұлттық құрама 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Бұл жеңіс біз үшін үлкен мәртебе болды. Биыл Таиландта өткен шосседегі Азия чемпионатында тағы бір тарихи жетістікке жеттік – Қазақстан құрамасы 4 алтын медаль жеңіп алды. Бұл біздің дайындығымыздың, еңбегіміздің және командалық рухымыздың нәтижесі. Қазір спорттық мансабымдағы ең қызықты кезеңдердің бірін өткеріп жатырмын. Алдымызда Малайзияда өтетін тректегі Азия чемпионаты күтіп тұр. Бұл шосседегі жарыстарға қарағанда әлдеқайда қиын, себебі мұнда жоғары жылдамдық, дәлдік пен шапшаңдық үлкен рөл атқарады. Біз күн сайын тыңғылықты дайындалып, әрбір жаттығуға бар күш-жігерімізді салудамыз. Бұл жарыс мен үшін ерекше маңызды. Азия құрлығындағы үздіктер қатарында болып, Қазақстанның туын биіктен желбіреткім келеді. Сондықтан өзімді толықтай жарысқа арнап, жақсы нәтиже көрсетуге барымды саламын. Жеңіс – тек медаль ғана емес, өзіңді жеңу, өз мүмкіндіктеріңді дәлелдеу. Алдағы күндерде тарихта өз орнымды қалдыру үшін барымды саламын!

Паравелоспортпен айналысамын деп ойлаған емеспін – спорт шебері

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы