Құрылтай депутаты Елдос Баялышбаев кресло-арбамен қозғалатын адамдар мен егде жастағы азаматтар үшін теміржол көлігінің қолжетімділігін арттыруды ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бірқатар жолаушылар пойызында мүмкіндігі шектеулі жандардың қауіпсіз мінуіне және вагон ішінде қозғалуына қажетті жағдай жасалмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Әділет» партиясы фракциясының атынан Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасоваға жолдаған депутаттық сауалында ол қолданыстағы шаралардың жеткіліксіз екенін атап өтті.
Депутаттың сөзінше, мәселе әсіресе параспортшылардың топпен сапарға шығуы кезінде айқын байқалады. Олардың командаларында 30-дан астам адам болуы мүмкін. Алайда пойыз құрамында кресло-арбамен қозғалатын жолаушыларға арналған бір ғана арнайы жатын орын қарастырылған жағдайлар кездеседі. Соның салдарынан басқа жолаушылар вагонға міну және орналасу кезінде қиындықтарға тап болады.
Кейбір жағдайларда оларды вагонға бірнеше адамның көмегімен қолмен көтеріп кіргізуге тура келеді. Бұл жарақат алу қаупін тудырады әрі адам қадір-қасиетіне қайшы келеді, – деді депутат.
Баялышбаевтың мәліметінше, «Теміржол көлігі туралы» заңның 17-2-бабында жолаушылар пойыздарында көтергіш құрылғылар мен арнайы жабдықталған орындардың болуы көзделген. Алайда іс жүзінде вокзалдардағы кресло-арбалар вагон ішіндегі тар дәліздермен жүруге бейімделмеген. Сондықтан қатарлар арасымен қозғалуға арналған арнайы тар кресло-арбаларды сатып алу қажет.
Депутат министрлік ұсынған деректерге де назар аударды. Оған сәйкес, арнайы жабдықталған жатын орындардың үлесі 92 пайызға жеткенімен, 54 жолаушылар пойызының 24-і көтергіш құрылғылармен жабдықталмаған. Бұл жолаушыларды қауіпсіз отырғызу және түсіру мәселесі әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Осыған байланысты депутат төрт негізгі ұсыныс айтты.
Біріншіден, әрбір теміржол вокзалын әртүрлі үлгідегі вагондарға жолаушыларды қауіпсіз отырғызуға және түсіруге мүмкіндік беретін мобильді көтергіш құрылғылармен жабдықтау қажет.
Екіншіден, әрбір үшінші жолаушылар вагонына вагон ішіндегі тар дәліздермен қозғалуға арналған арнайы кресло-арба орнату ұсынылды. Сонымен қатар пойыз қызметкерлерін мүгедектігі бар жолаушыларға көмектесу, оларды отырғызу және арнайы жабдықтарды пайдалану тәртібі бойынша оқыту қажет.
Үшіншіден, әрбір жолаушылар пойызындағы арнайы жабдықталған жатын орындардың санын кемінде екіге дейін арттыру керек. Ал параспортшылар мен басқа да жолаушылардың топтық сапарларын ұйымдастыру кезінде олардың нақты қажеттіліктері ескерілуі тиіс.
Төртіншіден, 2027-2029 жылдарға арналған үш жылдық бюджетте мобильді көтергіш құрылғылар мен арнайы кресло-арбаларды сатып алуға, оларға техникалық қызмет көрсетуге және қызметкерлерді оқытуға қаржы қарастыру ұсынылды.
Теміржол көлігінің қолжетімді болуы – арнайы купенің болуымен ғана шектелмейді. Бұл – адамның вагонға өздігінен әрі қауіпсіз мініп, өз орнына жетіп, басқа азаматтармен тең дәрежеде сапарға шығу мүмкіндігі, – деп атап өтті Елдос Баялышбаев.
Депутат Көлік министрлігінен вокзалдар мен пойыздардың қажетті жабдықтарға сұранысын анықтауды, қаржыландыру көздерін белгілеуді және ұсынылған шараларды іске асырудың мерзімдері мен жауапты ұйымдары көрсетілген кезеңдік жоспарын әзірлеуді сұрады.