Бүгін Парижде өтіп жатқан 2024 жылғы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар үш сайыс түрінен бақ сынайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 қыркүйекте Қазақстан спортшылары пара нысана көздеуден, пара жүзуден және пара үстел теннисінен өнер көрсетеді.
Астана уақыты бойынша 12-30-да пара нысана көздеуден Еркін Ғаббасов жарыс жолына шығады.
Айта кетсек, Еркін Ғабассов 31 тамызда R1 классында винтовкамен 10 метрге пара нысана көздеуден сынға түскен Еркін Ғаббасов жалпы есепте 6-шы орын иеленіп, медальға таласуға мүмкіндік алған еді. Ол барлығы 619.5 ұпай жинады (104.6; 102.6; 102.3; 103.0, 103.8, 103.2). Финалда Ғаббасов 247.3 ұпай жинап, жалпы есепте екінші орынға ие болды. Осылайша, 2024 жылғы Париж ойындарында Ғаббасов Қазақстан құрамасы қоржынына бірінші медальды салды.
Сағат 13-47-де пара жүзуден Зүльфия Ғабидуллина өнер көрсетеді.
Ал сағат 23-00-де пара үстел теннисінде жерлесіміз Әли Мақұлбеков Марк Ледоға қарсы әдемі ойын өрнегін көрсетеді.
Айта кетсек, Паралимпиада ойындарын Qazaqstan және Qazsport телеарналарының тікелей эфирінен тамашалауға болады.