Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Токиода өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында пара дзюдодан отандасымыз Әнуар Сариев Қазақстан қоржынына екінші медальді әкелді.
Бұл Қазақстан тарихындағы пара дзюдодан алғашқы медаль екенін айта кеткен жөн.
Спортшымыз финалда азербайжандық Вугар Ширинлимен кездесті.
Еске сала кетейік, пара дзюдошы Әнуар Сариев жартылай финалда Венесуэлла дзюдошысын жеңіп, финалға шыққан болатын.
Әнуар Сариев 1992 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Ануар - паралимпиадалық дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі.
Пара дзюдошы Атырау мемлекеттік университетінің Дене шынықтыру факультетін бітірген.
Ол көлік апатынан кейін көру қабілеті бойынша мүгедек болды.
Қазір минус 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, B3 сыныбында нашар көретіндер арасында өнер көрсетеді.
Алғаш рет 2014 жылы АҚШ-тың Коларадо Спрингс штатында дзюдодан нашар көретіндерге арналған Әлем чемпионатында өнер көрсетті. Сол жылы Инчхонда өткен Азия Пара ойындарына қатысып, жетінші орынды иеленді.
2015 жылы Оңтүстік Кореядағы Зағиптар мен нашар көретіндерге арналған IBSA 2015 Дүниежүзілік ойындарына қатысты. Айта кетсек, Зағиптар мен нашар көретіндерге арналған әлемдік ойындар - жоғары рейтингті турнир. Қазақстан тарихында алғаш рет Әнуар Сариев пара дзюдоның қола медалін жеңіп алды.
2016 жылы Рио-де-Жанейрода және Ұлыбританияда нашар көретін спортшылар арасында дзюдодан Гран При сериясына қатысып, қола медальға ие болды.
Еске сала кетсек, кеше қазақстандық атлет Давид Дегтярев Токиодағы паралимпиадалық ойындарының жеңімпазы атанды.