Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен "BIZ BIRGEMIZ" онлайн-форумында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және пандемиямен күресте елеулі еңбек етіп, жемісті жұмыс істегені үшін республика бойынша түрлі саланың 343 маманы "Халық алғысы" медалімен марапатталды.
Олардың арасында 60 дәрігер, 39 полицей, 30 әскери қызметші, 41 волонтер, 34 меценат, 38 мәдениет және білім өкілі, 25 БАҚ қызметкері бар.Елордада Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы бөлімшесінің басшысы Тимур Лесбеков, "Nomad ММА" республикалық федерациясының президенті Гаджи Гаджиев, Ұлттық волонтерлер желісінің төрағасы Вера Ким, Мейірімділер клубының жетекшісі Гүлмира Әбдірашева, меценат, қоғам қайраткері Оралбек Ботбай, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария, Бас әскери клиникалық госпитальдің нейрохирург дәрігері Ержан Рысқалиев, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің инспекторы Артур Ботабеков, елордалық волонтер Абзалбек Сұлтанбек, ғалым, кәсіпкер Әмір Қуат және Jas Otan жастар қанатының сарапшысы Аян Хафиз марапат алды.
Марапатты ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушы Алексей Цой, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігің төрағасы Анар Жайылғанова табыстады.