Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Дүниежүзілік банктің Қазақстан экономикасы туралы жартыжылдық шолуында айтылған.
Пандемияға байланысты Қазақстан екі онжылдықтағы ең ауыр экономикалық күйзеліске тап болды. Бұған дейін ел экономикасы қаржы секторының тұрақтылығына әсер еткен мұнай бағасының төмендеуінен зардап шекті. Пандемия кезіндегі қазіргі оқшаулау шаралары экономиканы одан әрі қыса түсті. Ең ауыр соққы қызмет көрсету саласындағы бизнеске келді.
Шолу авторлары ел билігі дағдарыстан зардап шеккен бизнес пен отбасыларды қолдау бойынша фискалдық шаралар пакетін қабылдағанын атап өтті. Алайда, олардың пікірінше, дағдарыстың салдарын еңсеру үшін Қазақстан халыққа көмек көрсету мақсатында жинақталған ресурстарды барынша іске қосу қажет. Бұл, сондай-ақ, құрылымдық реформаларды жалғастыру жолында да пайдалы болмақ.
Дамуды ынталандыру жөніндегі шаралар пакеті экономикалық өсуді қалпына келтіруге көмектеседі, алайда, бұл пандемия аяқ тартқаннан кейін ғана болуы мүмкін. Сарапшылар 2020 жылы елдің жалпы ішкі ЖІӨ 3 пайызға қысқаратынын болжап отыр.
Қазақстандағы инфляция биыл орталық банктің мақсатты көрсеткішінен 6 пайызға жоғары болады. Сауда көрсеткіштерінің нашарлауы және мұнай экспорты көлемінің қысқаруы болжанып отыр.
Ұзаққа созылған дағдарыс Қазақстандағы кедейліктің өсуіне және тереңдеуіне алып келуі мүмкін. Алдын ала бағалау 2020 жылы кедейлік деңгейі 12,7 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін көрсетеді. Басқаша айтқанда, елде кедейлікте 800 мың адам өмір сүретін болады, - делінген баяндамада.
Мұндай жағдайдың негізгі себебі - еңбек нарығындағы күйзеліс, сондай-ақ, сапалы білімге, әсіресе, карантин кезінде барлығына бірдей қолжетімді болмауы.
Бұған дейін ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев жыл соңына қарай Қазақстан кішігірім экономикалық өсімге шығатынын айтқан болатын.