Пандемия мәдениет саласының шаруасына кедергі емес – Ерлан Жүнісбай

23 Сәуір 2021, 09:42
3090
Бөлісу:
Пандемия мәдениет саласының шаруасына кедергі емес – Ерлан Жүнісбай

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Мәдени-рухани сабақтастық жас ұрпақтың өзіне дейінгі адамзат жасаған игіліктерден қажеттісін іріктеп алып, ұлттық тәрбиеміздің қайнар бұлағының тереңіне бойлап, сол бұлақтан бойға қуат алып, жаңа уақыт талабына сай тарихи құндылықтарды жан-жақты байыта түсуіне мүмкіндік береді.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ой қозғады. Оның пайымынша, әсіресе, аса көрнекті тұлғалардың мерейтойлары мен атаулы күндер – азаматтардың ұлттық және тарихи санасының дамуына елеулі ықпал ететін қоғамның мәдени өмірінің маңызды бөлігі. Соған байланысты биыл басқарма алдында бірқатар міндет қойылып отыр. 

Оның ішінде, ең бастысы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын жоғары деңгейде атап өту. Осы міндеттерді сапалы орындау мақсатында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар апталығын ұйымдастырдық, - деген ол апталық барысында жоспарланған іс-шараларға жан-жақты тоқталды. 

ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевқа арналған іс-шаралардың шымылдығын Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен «Өлең сөздің даңғылы – бар қазақтың Жамбылы» жыр додасы ашқан. Кеште жас ақындар Табиғат Абаилдаев Нұржан Қадырәлі, Жұматай Көксубай, Шапағат Әбдір, Наурызбек Саршаев сөз мәйегін кие тұтқан абыз жыраудың шығармашылығына, рухани бай мұрасына тоқталып, кейбірі өз өлеңдерін оқыпты. Кітапхананың «Қаламгер» клубының қатысушылары ақын өлеңдерін офлайн форматта оқыса, аудандық кітапханалар онлайн форматта қатысқан. 

Әлеуметтік желілерде өзге де тақырыптық бейнероликтер мен көрнекіліктер оқырмандарға ұсынылды. Жыр алыбына арналған іс-шаралар легін Жамбыл облыстық Мемлекеттік архивте өткен «Жаһанға мәшһүр - жауһар жыры даңғыл» атты дөңгелек үстел жалғастырды. Іс-шара барысында облыстық архивтің қорында сақталған, газет беттерінде жарық көрген, жыр алыбы Жамбылдың 100, 130, 150 жылдығына орай шыққан мақалалар, фотоальбомдар мен жырау атындағы музейдің суреттері қойылды. Апталық аясында К.Әзірбаев атындағы филармонияның ұйымдастыруымен «Баласағұн» орталық концерт залында «Жамбыл – дүлдүл, Кенен – бұлбұл» атты концерт өтті. Концерттік бағдарлама қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен ұсынылды, - деді басқарма басшысы. 

Ерлан Нұрманұлы бағдарламаға сәйкес «Жамбыл туралы сарын», «Жамбыл мен Айкүмістің айтысы», «Ойжайлау», «Жақсы мен жаманның айырмасы», «Өз елім», «Угай-ай», «Сағындым Кенен атамды», «Бастау», «Менің пірім - Сүйінбай», «Жамбыл жастарының вальсі» тақырыптарында әндер мен термелер және өзге де шығармалар орындалғанын жеткізді. Апталықтың ерекше іс-шараларының бірі «Жамбылтану» орталығында өткен Жамбыл бабамыздың шөбересі Мұратхан Жамбыловпен кездесу мен «Жыр дүлдүлі – Жамбыл» көрмесінің ашылуы болған. 

Жауапты маман Жамбыл Жабаевқа арналған апталықты 26 ақпан күні «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысымен қорытындылағандарын айтты. Жамбыл облысы әкімдігінің және Nur Otan партиясы филиалының қолдауымен, жергілікті халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл жыр додасы көрермендерге биылғы елдегі карантин талаптарына сәйкес, санитарлық талаптарды сақтай отырып, онлайн форматта ұсынылды. 22 ақын сынға түскен айтысты ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүрсін Ерман жүргізсе, қазылар құрамына театр және кино актері, Қазақстанның және КСРО-ның Халық әртісі Асанәлі Әшімов төрағалық еткен. 

Біз ұйымдастырған айтулы мейрейтойлар мен ұлттық өнерімізді, құндылықтарымызды дәріптейтін іс-шаралар легі мұнымен тоқтап қалған жоқ. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығы «Жырлайды жүрек» атты ән-жыр байқауын онлайн форматта өткізді. Осындағы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында «Жырлайды жүрек» атты әдеби-сазды кеш өткізді, - деді Жүнісбай.

Сондай-ақ 10 ақпан күні Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі және мажар-қазақ «Barsz» қорының ұйымдастырумен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Түркі әлемінің генезисі» арнайы жобасы аясында «Түрік халықтарының рухани құндылықтары және Мандоки Қоңыр мұрасы» атты халықаралық ғылыми-танымдық онлайн-конференция өткен. Ондағы негізгі мақсаты – Иштван Қоңыр Мандокидің бай рухани мұрасын насихаттау, И.Мандоки мұраларының елімізде зерттелуіне серпін беру және сол замандағы Ұлы дала өркениеті мен тұлғалары туралы қазіргі уақыттағы зерттеулерді ғылыми айналымға енгізу. 

Көктем мерекесі қарсаңында Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы «Әулиеата бұрымдылары» атты облыстық онлайн-байқауын жариялап, 4 наурыз күні Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында жеңімпаздарды мараптттау рәсімін өткізді. Байқау талаптарына сай шашы беліне жеткен немесе одан да ұзын қыз-келіншектер қазақи салт-дәстүр негізінде шаш өрімінің жаңаша түрлерін, ұлттық әшекей бұйымдарын насихаттайтын бір минуттық бейнеролик дайындап, өздері туралы ақпараттарын жолдады. Ұлттық құндылықтарды ұрпақтар сабақтастығы негізінде дәріптеу Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығынан бастау алған «Ұлттық киім – ұлт мәдениеті» атты мәдениет және архив мекемелері арасындағы челленджбен жалғасын тапты, - деді Ерлан Нұрманұлы. 

Биыл басқарма тарапынан өткізілген ірі іс-шаралардың бірі – Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстанның Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айша Көпжасарованың 80 жас мерейтойына арналған «Өлең-кие. Өлең-өре. Өлең-рух» атты шығармашылық кеш. Басқарма басшысының сөзінше, аталмыш кеш сақтық шараларын сақтай отырып жүзеге асқан. Оған Қазақстанның мәдениет қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, актриса Нұрсифат Салықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, ақын Үміт Битенова, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Хамит Есаман қатысып, кітапхана қызметкерлері ақын шығармашылығын өз деңгейінде насихаттаған. 

Ал жыл сайын кеңінен атап өтілетін Ұлыстың ұлы күні әдеттегідей үлкен көлемде тойланбаса да, арнайы сақтық шараларын сақтап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» мақаласында айтылған Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасына сәйкес, «Наурыз – думан» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. 21 наурыз күні өткен іс-шарада жергілікті халық шығармашылығы орталығының атсалысуымен аула іші безендірілді. Іс-шара басталғанға дейін радиоконцерт беріліп, киіз үй тігілді. Сондай-ақ, киіз үйде өңірдегі тарихи-өлкетану музейінің қорындағы жәдігерлер мен қолөнер бұйымдарынан көрме қойылды. Бұл К.Әзірбаев атындағы филармония мен А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты, - деді Жүнісбай. 

 Оның сөзінше, әлем халқының мазасын қашырған індет көптеген жоспарларға тұсау болғанымен, өңірдегі мәдениет саласының жұмысын ақсатпаған. Арнайы ережелер мен сақтық шараларына сәйкес, өзіндік мақсаттарға негізделген іс-шаралар ұйымдастырылып, айтулы даталар өз деңгейінде атап өтілуде. Өзге де жұмыстар, нақтырақ айтқанда, басқармаға қарасты театрларда қойылымдар, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармонияда концерттік бағдарламалар, музейлерде көрмелер, кино орталығында бейнероликтер мен қысқаметражды кинолар көпшілікке онлайн форматта ұсынылып, кітапханалар мен басқармаға қарасты өзге де мәдениет және архив мекемелері жұмыстарын жүйелі жүзеге асырып жатыр. 

Қызметке келгелі, басқармаға қарасты мекемелердің ішкі тынысымен, жай-күйімен таныстым. Алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмасымыз рас. Жоспарға сәйкес, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, дауысым» X республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы, «Көне Тараз күмбірі» II республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер байқауы сынды ауқымды іс-шараларды өткізу ойда бар. Сонымен қатар, А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының 85 жылдығы аясында Тоқпановтың таңдаулы шәкірттерін шақырып, «Асқар Тоқпанов – тұңғыш кәсіби режиссер, дарынды актер, талантты тәлімгер» атты ғылыми-практикалық конференция және театрландырылған композициялық қойылым дайындап көрсету жоспарда бар. Өзге де іс-шаралар елдегі карантиндік жағдайларға байланысты кезегімен жүзеге асары сөзсіз, - деп атап өтті Ерлан Нұрманұлы.

Өзгелердің жаңалығы