Осакаров ауданында егіс көлемі 412 мың гектарға жетпек

23 Сәуір 2021, 09:27
1319
Бөлісу:
Осакаров ауданында егіс көлемі 412 мың гектарға жетпек

Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының Осакаров ауданының халқы ауылшаруашылық саласында мемлекет тарапынан қолдау шараларын тиімді пайдаланып жатыр.

Ауданда сүт фермалары, мал шаруашылығы кешендері салынып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Егіс алқаптарының ауқымы артуда. 

Осакаров ауданында 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жазғы егістігі 372 мың гектарды құраған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 18 мың гектарға артық. Ал биыл 412 мың гектар жерге егін салынбақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мың гектарға артық дейді аудан әкімі. 

Агроөнеркәсіп кешені бойынша Осакаров ауданы облыста алдыңғы қатарда. Біздің аудан мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланып отыр. Озық технологияның арқасында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып жатыр, - дейді аудан әкімі Нүркен Қобжанов. 

2021 жылы ауданның Жансары және Трудовое ауылдарында сүт тауарларын өндіретін екі ферма ашылмақ. Сондай-ақ Осакаровка кентінде 300 бас малға арналған мал шаруашылығы кешенінің құрылысын бастау жоспарлануда. 

Жыл сайын ауылшаруашылық техникалары жаңартылуда. Былтыр ауданда 200-ден астам арнайы техника сатып алынды. Инвестиция 9 млрд 600 млн теңгені құрады, - дейді Нүркен Қобжанов. 

Биыл кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында «Найдаровское» шаруашылығының базасында мультизлак зауытының құрылысы басталады. Жобаның жалпы құны 4 млрд 800 мың теңгені құрайды. Жоба іске қосылғанда 23 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аудан әкімінің айтуынша, аймақтағы ауылшаруашылық саласындағы іргелі жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады.



Өзгелердің жаңалығы