Пандемия кезінде тұтынушылардың құқығы қай салада көп бұзылғаны айтылды

15 Наурыз 2021, 13:13
1617
Бөлісу:
Пандемия кезінде тұтынушылардың құқығы қай салада көп бұзылғаны айтылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы "Қазақстан тұтынушылар лигасы" қауымдастығының арқасында тұтынушыларға 403 млн 73 078 теңге қайтарылды. Бұл туралы "Қазақстан тұтынушылар лигасы" қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Светлана Романовская Алматыда өткен брифингте айтты. 

Светлана Романовская пандемия кезінде тұтынушылардың құқығы қаншалықты бұзылғанын және онымен күрес қалай жүріп жатқаны туралы айтып берді.

2020 жылы "Қазақстан тұтынушылар лигасы" қауымдастығының арқасында тұтынушыларға 403 млн 73 078 теңге қайтарылды. Бұл тек бір жыл ішінде болғаны. Оның ішінде 58 млн-нан астам теңгесі бөлшек саудада болған. Бұл жерде тұтынушылар сөредегі бағамен кассадағы бағаның өзгеше болуымен, азық салмағының кем болуы және тағы басқа мәселемен тап келеді және бұл бағыт бойынша арыз өте көп,-дейді ол. 

Оның айтуынша, дүкендегі азық бағасын көтеру, және тағы басқа құйтырқы әрекет бойынша арнайы қылмыстық бап бар көрінеді. Алайда әкімшілік іс қозғап, жауапкершілікке тартуда полиция қызметі тиімсіз болып отыр екен. 

Өйткені кәсіпкерлер, бұл өнімнің басқа партиясы немесе баға уақытылы өзгермей қалды деген сылтау айтады. Бұл бізді еш қызықтырмайды және ол халықты алдау екенін жақсы білеміз. Оны дәлелдеу де қиын емес. Егер тұтынушылардың бірі осындай жағдайға тап болса ол фото, видеоға түсіріп алуына болады. Сотта бұл айғақ ретінде қаралады,-дейді Романовская.

Тұтынушылардан түсетін арыз бойынша екінші орында электронды сауда тұр екен, ол бойынша 1300-дей арыз келіп түскен. Оған қоса өткен жылы туристік сала бойынша да арыз көбейген.

Пандемияға байланысты болмай қалған турлардың ақшасын кері алу қиындап кеткен, турфирмалар тұтынушыға «ақшаны шетелдегі серіктестерге аударып қойдық, қайтара алмаймыз» деген уәж айтып, шығарып салады. Алайда араға біз кіріскенде істі сотқа жеткізбей еш қарсылықсыз ақшаны қайтарып беріп отырды,-дейді ол.

Сонымен қатар ол аталған қауымдастық өткен жылды тұтынушылардың білімін арттыруға арнағандарын айтады.

Еліміздің жастары өз құқығын білгені маңызды. Бұл бағытта біз бес күндік тренинг жүргіземіз. Қазір біздің лигада 28 мыңдай волонтер бар. Жалпы 60 мыңдай адамды қамтып отырмыз,-дейді басқарма төрағасы.



Өзгелердің жаңалығы