Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Денсаулық сақтау министрлігінің вакцинация бойынша жұмысын сынға алып, шенеуніктер «сәтсіздіктері үшін» өздеріне 15 миллион теңге үстемеақы алғандарын мәлімдеді.
Перуашев Мемлекет басшысы жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина егу туралы міндет қойғанын атап өтті.
Үш айда 1,4 миллион адам бірінші компонент алыпты. Оны Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мақтанышпен жар салып жүр. Бірақ екінші компонент, біздің мәліметтеріміз бойынша, 347 мың адамға салынған, ДСМ мәліметтері бойынша 400 мың адам екен. Бұл халықтың 2 пайызын құрайды. Осыдан кейін қандай ұжымдық қауіпсіздік туралы айтуға болады? Тіпті осы жердің өзінде Денсаулық сақтау министрлігінің жағдайы белгілі болып қалды. Бүгін министр екі дозаның арасы 21 күн деді. Өткен аптада 90 күн деп айтылған. Кешіріңіз, 90 мен 21 сандарының айырмашылығы үлкен, - деді Перуашев.
Ол осындай сәйкессіздіктердің кесірінен кәсіпкерлерге айыппұл салынып, түрмеге жабылуы мүмкін екенін, ал министрлік шенеуніктері мұндай сәтсіздіктеріне қарамастан, өздеріне үстемеақы ретінде 15 миллион теңге алғанын айтты.