Қазақстан пандемия салдарынан 1 трлн-нан астам салықтық түсімнен айырылған

27 Қазан 2020, 13:34
1426
Бөлісу:
Қазақстан пандемия салдарынан 1 трлн-нан астам салықтық түсімнен айырылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері республикалық бюджетке түсетін түсім толық орындалмаған. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев айтты.

Осы жылдың 9 айында мемлекеттік бюджеттің кірістері жөніндегі жоспары 92 пайызға, республикалық бюджет 82 пайызға, жергілікті бюджет 116 пайызға орындалды. Республикалық бюджеттің түсімдерінің азаюына пандемиямен байланысты ішкі және сыртқы факторлар. Дүниежүзілік банктің деректері бойынша базалық болжамға сәйкес, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім 5,2 пайызға қысқарады деп күтілуде, - дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы.

Оның айтуынша, жыл басынан бері пандемияға байланысты көптеген салада түсімдер азайып кеткен.

Қазақстанның үшінші елдермен тауар айналымы жыл басынан бері 13 пайызға төмендеді. Тауар өткізу айналымы 11 пайызға, оның ішінде ірі кәсіпорындар бойынша 20 пайызға азайды. Экономика секторлары бойынша мұнай және металдар бағасының төмендеуі есебінен тау-кен өнеркәсібінде түсімдер 44 пайызға дейін төмендеді. Есесіне, өңдеу өнеркәсібінде 9 пайызға, көлік секторында 6 пайызға, құрылыста түсімдер 4,3 пайызға өсті, - дейді Марат Сұлтанғазиев.

Сұлтанғазиев Қазақстан 9 айда триллион 100 миллиард теңге жоғалтқанын айтты.

Біздің бағалауымыз бойынша, 9 айда 1 триллион 100 миллиард теңге жоғалттық. Оның үстіне микро және шағын бизнеске жеңілдіктер жасалды. Оларға көмек ретінде 1,5 трлн теңге берілді, - дейді комитет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы