Пандемия. Ақмола өңірінде өндіріс қуаты артты

1 Қараша 2020, 21:05
1305
Бөлісу:
Пандемия. Ақмола өңірінде өндіріс қуаты артты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облыс экономикасында тауар айналымы мен көліктен басқа салаларда құлдырау байқалмады, бұл төтенше жағдай мен карантиндік шаралардың енгізілуіне, өңірлер арасындағы көлік қозғалысының шектелуіне байланысты болды. 

government.kz порталының мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда осы салалар бойынша жағдайдың біртіндеп жақсарып келе жатқаны байқалады. 

Әлеуметтік-экономикалық дамудың қалған көрсеткіштері бойынша мемлекеттің елеулі қолдау көрсетуінің, дағдарысқа қарсы қабылданған жоспардың және экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі жоспардың арқасында оң нәтижелерге қол жеткізілді. 

Облыс соңғы үш ай ішінде ел бойынша көшбасшылар қатарында. 9 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,9%-ға, ауыл шаруашылығы 19,5%-ға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 29,5%-ға, құрылыс жұмыстары 6,8%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 1,4%-ға өсті. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша облыс экономикасы өсімінің оң серпіні сақталады. 

Коронавирус инфекциясының таралуы, ең алдымен, қызмет көрсету секторына теріс әсер етті (тамақтану орындары, кинотеатрлар, сұлулық салондары және т. б. қатысты карантиндік-шектеу шаралары). Бұл ретте өңдеуші сектор салаларының бір бөлігі дамыды. Осылайша, химия, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау өнімдерін өндіру салалары (атап айтқанда, ӨЖЖ стационарлық және мобильді аппараттарын өндірушілер) дезинфекциялаушы құралдарға, дәрі-дәрмектерге, жеке қорғану құралдарына және т. б. жоғары сұраныстың болуы есебінен өнім өндіру көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік алды. 

Жеңіл өнеркәсіпте тігін кәсіпорындары мен ателье, «Тыныс» АҚ машина жасау кәсіпорнымен қоса, тәулігіне 25 мың көлемге дейін қорғаныш маскаларының жаппай өндірісін жолға қойды. 2020 жылғы 14 наурыздан бастап қорғаныш маскалары өндірісінің жиынтық көлемі 1,8 млн данадан асты. Киім, аяқ киім және тоқыма бұйымдарын (негізінен Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан) өндіруге мамандандырылған шет елдердің шекараларын жабу және осы елдердегі фабрикалардың қызметін тоқтата тұру отандық жеңіл өнеркәсіп компаниялары үшін жаңа тауашаны құруға жол ашты («Самхат аяқ киім фабрикасы» ЖШС, «ТП Арман» ЖШС, ателье және т. б.). 

2020 жылдың 8 айында былғары аяқ киім өндірісі 3,3 есеге, полиэтиленнен жасалған қаптар 25,5%-ға, тоқыма бұйымдары 55%-ға ұлғайды. Химия өнеркәсібінде облыстың 5 кәсіпорны («Тұрмыстық химия зауыты» ЖШС, «Гала Косметик және К» ЖШС, «Ардагер М Company» ЖШС, «Бауыр-Бек-Нұр» ЖШС, «Көкшетау минералды сулары» АҚ) дезинфекциялық құралдар өндірісін қолға алған. 

Осы жылдың 19 наурызынан бастап антисептик өндірісінің жиынтық көлемі 715,2 мың литрден асты. Машина жасауда ӨЖЖ аппараттарының өндірісі («Көкшетау-4П» моделі) «Тыныс» АҚ кәсіпорнында жолға қойылған. Өндірістің айлық қуаты 500 бірлікке дейін құрайды. 

2020 жылдың басынан бері ӨЖЖ аппараттарының өндірісі 640 бірлікті құрады. Сонымен қатар электрондық сауда қызметтеріне қажеттілік артты. 2020 жылдың 8 айында облыс бойынша 250,1 млрд теңге сомасына төлем карточкаларын пайдалана отырып, 23,8 млн қолма-қол ақшасыз төлемдер жүзеге асырылды, бұл транзакциялар саны бойынша 2019 жылдың деңгейінен 6,5 есе, сомасы бойынша 4,6 есе жоғары.

Өзгелердің жаңалығы