Пәкістанда ғимарат опырылып, 15 адам қаза тапты

Үйінді астында із-түзсіз жоғалған тағы екі адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

 Dawn 29 Қараша 2026, 20:56
29 Қараша 2026, 20:56
175
Фото: Dawn

Үйінді астында қалған тағы екі адам іздестіріліп жатыр. Құрылысқа қатысты заңбұзушылықтар бойынша тергеу басталып, төрт адам қамауға алынды.

Пәкістанның Карачи қаласындағы Балоч-Колони ауданында салынып жатқан алты қабатты ғимараттың опырылуы салдарынан қаза тапқандар саны 15-ке жетті.

Dawn газетінің хабарлауынша, жексенбі күні құтқарушылар үйінді астынан тағы екі адамның мәйітін алып шыққан. Бұған дейін, жұма күні, қирандылар арасынан 28 жастағы Мұхаммад Адиль тірідей құтқарылған. Rescue 1122 қызметінің соңғы мәліметіне сәйкес, тағы екі адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, ғимарат тұрғын үйге арналған учаскеде заңсыз салынып, құрылыс кезінде сапасыз материалдар пайдаланылған. Полиция құрылыс барысындағы ықтимал заңбұзушылықтарды тергеп, нысан иелерінің, құрылыс салушының, сәулетші, инженер мен мердігерлердің қатысын тексеріп жатыр.

Тергеу аясында ғимарат иелерінің бірі мен үш мердігерді қоса алғанда, төрт адам ұсталды. Сот шешімімен олар бес тәулікке қамауға алынды.

Оқиға 25 қарашада болған. Ғимарат опырылған кезде құрылыс алаңында 20-дан астам жұмысшы болған.

Наверх