Пәкістан билігі Үндістанға қарсы жауап ретінде басталған "Бунян-ун-Марсус" әскери операциясының аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы GEO News Пәкістан армиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Пәкістан өзінің қарсы шабуылының аяқталғанын ресми түрде жариялайды. 'Бунян-ун-Марсус' операциясы аясында агрессияға жауап ретінде ондаған үнді әскери нысандарына соққы берілді, – делінген мәлімдемеде.
Пәкістан Қарулы Күштерінің Ведомствоаралық қоғаммен байланыс қызметі (ISPR) 6–10 мамыр аралығында атқарылған әрекеттер осы операция аясында жүргізілгенін атап өтті. Сонымен қатар, батыс аймақта терроризмге қарсы тиімді операциялар қатар өткізілген.
Армия өкілдерінің айтуынша, 22 сәуір мен 10 мамыр аралығындағы Үндістанмен болған қақтығыстар "шындық үшін шайқас" деп сипатталды.
Қарулы жанжал 22 сәуірде Үндістанның Пахалгам қаласына жақын орналасқан даулы Джамму мен Кашмир аймағындағы шабуылдан кейін басталды. Аталған оқиға салдарынан 27 бейбіт тұрғын қаза тапқан.
Үндістан Қорғаныс министрлігі 7 мамырда Пәкістанға қарсы "Синдур" әскери операциясының басталғанын мәлімдеді. Ал Пәкістанның Samaa телеарнасы Исламабадтың Үндістан аумағына зымыран соққыларымен жауап бергенін хабарлады.
Қақтығыс 10 мамырда атысты тоқтату туралы келісімге келумен аяқталды. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл келісімге АҚШ делдалдығының нәтижесінде қол жеткізілгенін айтты.
Кейін, 11 мамырда Үндістан армиясының операциялар жөніндегі бас директоры генерал-лейтенант Раджив Гай "Синдур" операциясы барысында 100-ден астам содырдың жойылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, соққы берілген тоғыз террористік нысан арасында соңғы жылдардағы ірі шабуылдарға қатысы бар тұлғалар да болған.