#Өзіңнен баста. 28 фильмді қазақ тілінде дубляждауға 5,8 млрд доллар жұмсалды

28 Наурыз 2019, 09:48
4904
Бөлісу:
#Өзіңнен баста. 28 фильмді қазақ тілінде дубляждауға 5,8 млрд доллар жұмсалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған фильмнің тұсаукесеріне елордалық балалар жиналды.

«Дамбо» фильмі де осы жоба аясында қазақша дыбысталып, көрермен назарына жол тартты. Премьераның басталуына арнайы Алматы қаласының әкімі келді. «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің құрметті мүшесі, «Қамқорлық» кеңесінің төрағасы фильмдерді қазақ тілінде дубляждауға қанша қаржы жұмсалғанын айтты.

«Голливудтық әрбір фильмнің негізгі құны 200 млн доллардан астам. Сонда барлығын қосқан кезде фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға 5,8 млрд доллар  жұмсалды. Демеушілердің қолдауымен 1 млрд теңгеден астам қаржы таптық. Әсіресе, «ВІ» компаниясы осындай сегізінші жобаны қолдап, 400 млн теңгеден астам ақша бөлді», - деді Байбек.

«Болашақ» корпоративтік қоры, «Марвин» компаниясы, «Дисней» студиясы «BI Group» компаниясының қаржылай қолдауымен әлемдік фильмдердегі образдарды қазақша сөйлетіп келеді.

«ВІ Development» басқарма төрағасының қаржы жөніндегі орынбасары Қайрат Шаяхметов компанияның тікелей өнерге қатысы болмаса да, мұндай жобаларды қолдайтынын жеткізді.

«BI Group» компаниясының тікелей өнерге қатысы болмаса да, жан-жақты жобаларға қолдау көрсетеді. Голливуд түсірген фильмдердің қазақ тіліне аударылуына демеушілік танытып жатырмыз. Біз қазақ балаларының емін-еркін қазақ тілінде сөйлеп, рухын биік ұстап, дами берсін деген тілекпен, осындай жобаларды қолдаймыз», - деді «BI Group» компаниясының өкілі.

Бауыржан Байбек фильмдерді қазақ тіліне аудару жобасының қалай қолға алынғанын айтып берді.

«Фильмдерді қазақ тіліне аудару жобасын біз 2011 жылы «болашақтықтар» болып қолға алдық. Көп «болашақтықтар» ағылшын, неміс, француз және басқа тілдерді меңгерген. Бірақ қалада өскендіктен, қазақ тілін, өз дәстүрін білмейді. Сондықтан біз адам боламын десек, ел боламын десек, осы жобаны бастап кеттік. Мұны Елбасыға айтқанда ол бірден қолдады. Елбасының қолдауының арқасында «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» жүзеге асырылып келеді. Осындай бағдарламалар арқылы жастар, ұрпағымыз патриот болып өседі деп үміттенеміз. Дамыған елдердің қатарында болу үшін біз бір болуымыз керек. Рухымыз биік болу керек. «Болашақтықтардың» негізгі мақсаты да осы – ел саясатының мызғымастығын көрсету», - деп тілек білдірді Алматы әкімі.

Дубляж актеры Жәнібек Мұсаев қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің көрермені болуға шақырды.

«Қазақ тіліндегі фильмдердің неліктен прайм-тайм уақытында қойылмайтыны туралы алдыңғы премьераларымызда айтқан болатынбыз. Міне енді жауапты тұлғалар мұны қолға алып, реттеп жатыр. Енді айтарым, біз әрқайсымыз туысымызды, көршімізді, кез келген танысымызды қазақ тілінде дубляждалған фильмдерге шақырайық. Қазақ тілін қолдауды «өзімізден бастайық». Қазақ тілі дамуы үшін «Өзіңнен баста». Мәселе шығында емес, мәселе өзіміздің болашағымыз үшін», - деді дубляж актеры.

Бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрында «Дамбо» фильмін қазақ тілінде көруге болады. 


Өзгелердің жаңалығы