Елімізге шетелдік өнімдерді импорттау жалғасып келеді, ал өзіміздің тамақ өнімдерімізді өңдеуді дамытуға ниетіміз жоқ. Сенатор Талғат Жүнісов депутаттық сауалында Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутат еліміздің Президенті өзінің Жолдауында үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделетін өнімнің үлесін 70%-ға дейін ұлғайту міндетін алға қойғанын еске салды. Сенатордың пікірінше, бұл міндетті іске асыру үшін ғылым мен бизнестің күш-жігерін біріктіру қажет.
Елімізде азық-түліктің негізгі түрлері бойынша, атап айтқанда: ірімшіктер мен сүзбе, шұжық өнімдері, құс еті мен тағамдық қосалқы өнімдер, сары май, қант, жеміс-көкөніс консервілері және май өнімдері бойынша импорттың жоғары деңгейі сақталуда. Ғылым бизнеспен бірлесіп импортқа тәуелділік деңгейін төмендетуді, тамақ өнімдерінің ассортиментін молайтуға мүмкіндік беретін озық шетелдік технологияларды трансферттеу жөніндегі ұсыныстарды қарауы қажет, - деп атап өтті сенатор.
Депутаттың пікірінше, агроөнеркәсіп кешенінде бастапқы өндірістен жоғары қайта бөлу өнімдерін шығаруға нақты серпіліс жасау үшін еліміздегі қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін ғылыми-технологиялық дамытудың кешенді бағдарламасы қажет. Сенатордың пікірінше, ол үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет.
Мал сою, сүт, жемістер мен көкөністерді өңдеуге арналған шағын механикалы жабдықтардың шағын сериялы өндірісінің кіші кластерін жасау қажет. Еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы білікті мамандар санының өсуін қамтамасыз ету – өткір мәселе болып отыр. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, өңірлік бағдарламалар, Ғылым қоры, Дүниежүзілік даму банкі бағдарламалары аясында ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді қаржыландыруды ұлғайту және тағы басқалар арқылы ғылыми қамтамасыз ету деңгейін көтеру маңызды. Соңғысы, еліміздің азық - түлік және қайта өңдеу өнеркәсібі бойынша кадрлық және ғылыми әлеуетін дамыту үшін жыл сайын салалық ҒЗИ-ға PhD докторларын даярлау жөнінде нысаналы гранттарды бекіту қажет, - деді сенатор.