Түркістан облыс орталығы болғанына биыл 5 жыл толды. Көне-тарихи шаһар қазір әртүрлі елден келетін туристердің көруі керек қаласына айналды , деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы жұмыс сапарымен Түркістанға барып, өңір жұртшылығымен кездесу өткізген еді.
Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті, - деді Президент.
Түркістан - Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. Қазақ хандығының астанасы болған тарихи, мәдени шаһардың тарихына көз саслсақ, мұнда сан мәрте ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қабылданған. Қаланың шығысы тарихи Отырармен, солтүстігі Кентау қаласы және Созақ ауданымен, батысы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданымен шектеседі.
2018 жылдың 19 маусымы тарихи сәт. Себебі дәл осы күні киелі мекен Түркістан облыс орталығы болды. Еліміздің рухани астанасы, түркілердің екінші Атажұрты атанған киелі өңір 5 жылда қарқынды дамып, елеулі өзгеріс орын алды.
Өңір 5 жылда қалай өзгерді?
Қаланың келбеті бұрынғыдан мүлде басқаша. Өңірдің тумасы ретінде дейінгі және кейінгі Түркістан көз алдымда. 5 жыл ішінде мүлде басқаша кейіпке енген. Жаңа құрылыс нысандары пайда болып, ірі жобалар іске асырылып жатыр. Тып-тыныш қаладан әлемнің төрт бұрышынан туристерді қызықтыратын көзтартарлық шығыс орталығына айналған шаһар болды.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан киелі мекенде 2020 жылдың 1 желтоқсанда Hazret Sultan Airport халықаралық əуежайында алғашқы рейс ашылды. Жылына 3 миллион жолаушыны тасымалдауға қабілетті әуежай туризмді дамытуға өте үлкен мүмкіндік береді. Бүгінде Түркістан әуежайының аумағына 140 мың ағаш егілді. Демек әуежайға барар жол жасыл желекке айналып, руханм мекенді одан сайын әдемілей түсетіні анық.
«Қазақстандағы-Венеция» Керуен сарай кешені
Түркістанда ең көп турист баратын орталыққа айналған «Керуен сарай кешені». Кешен ашылған кезден бастап әлеуметтік желілерде фото-видеосы тараған сәтте қызықпаған адам қалмады. Тіпті халық арасында «Қазақстанның Венециясы» атағын алып та үлгерді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарсы орналасқан кешенді көруге 5 жылдың ішінде алыс-жақын шетелден қаншама турустер келіп үлгерді.
2019 жылы басталған кешен 2021 жылы ашылды. 4 мың адамды жұмыспен қамти алатын бұл орында Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен дүкендері, тамақтанатын орындары бар. Келген қонақтар су үстендегі шоуды көріп, қайықпен серуендеуге болады. Ұшатын театр аталып кеткен алтын түсті алып жұмыртқа келбетіндегі ерекше театрда бәйтерегіміз қазақ халқының тарихына жаңа технологиялардың көмегімен, 8 D форматта әсерлі саяхат жасауға болады.
Еліміздің өткені мен келешегін де осы театрдан көруге мүмкіндік бар. Өңірде туризм саласы дамып жатыр. Оған дәлел инвестиция көлемін айтуға болады. 2018–2022 жылдар аралығында туристік қызмет саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 336,0 млрд.тг құраған. Қазіргі таңда атқарылған жұмыстар нәтижесімен өңірде туризм саласында жұмыс атқаратын адамдар саны 17 815 адамға жетіп отыр.
Түркістан киелі жерлер мен емдік орындарға бай аймақтың бірі. Еміне шипа іздеп келетін жандар да жетерлік. Осы тұрғыдан емдік-сауықтыру орындарына келушілер саны 1,5 есеге, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны 2 есеге артқан.
Шығыс стиліндегі үйлер
Бүгінде облыс орталығы атанған шаһар қайнаған құрылыс ортасына айналған. 5 жылдың ішінде жаңа нысандар бой көтерді. Жанға жайлы саябақтар мен субұрқақтар, демалысты жақсы өткізуге арналған ойын-сауық орталықтары мен қала тұрғындары үшін ең маңызды құрылыс саналатын жаңа пәтерлер салынды.
Жаңа бас жоспар бойынша қалада бой көтерген барлық нысандар шығыстық стильге негізделіп, ұлттық нақышта салынды. Қаланың ішіне кірген бойда көз тартар ғимараттарды көргенде расымен де шығыс стилін ерекше байқауға болады. Қаншама отбасы сол жаңадан салынған үйлердің иесі атанды. Айта кетейік, тұрғын-үй құрылыс жұмыстарының көлемі 5 жылдың ішінде 3 есе артып 350,9 млрд. тенге құраған.
Жалпы 5 жыл ішінде құрылыс жұмыстар көлемі 1,27 трлн. тенгеге жеткен. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер алаңы 5 жыл ішінде 2,2 есе артқан. 2022 жыл қорытындысымен 864,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жалпы 5 жыл ішінде 3,43 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, өңір тұрғындарын қуантып отыр.
Жаңадан салынған ғимараттар
5 жылдың ішінде көне шаһар ескі стилін сақтаған жаңа қалаға айналды. 5 жыл бұрынғы өлкені қазіргі дамуымен тіпті салыстыруға келмейді. Жолдар жөнделіп, жаңа ғимараттар пайдалануға берілді. Әкімшілік-іскерлік орталығында облыстық әкімдік, басқармалар, Нұр-Сұлтан алаңы, Конгресс-Холл, «Алатау-Media» орталығы, Оқушылар сарайы, Орталық стадион, бассейні бар спорт кешені, Олимпиадалық резерв мектебі, Халыққа қызмет ету орталығы, музыка мектебі секілді нысандар қалаға ерекше көріп беріп тұр.
Рухани-мәдени орталықта Шығыс моншасы, музыкалық субұрқақ, Неке сарайы, Амфитеатр, Ахмет Ясауи музейі, «Ұлы дала елі» орталығы пайдалануға берілді. Одан бөлек кітап сүйер қауым үшін «FARAB» кітапханасы бой көтеріп, тұрғындардың жиі бас сұғатын орнына айналды. Орталықта білім алып қана қоймай, шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асыратын кешен ретінде барша кітапқұмар қауымның сүйікті мекені.
Олай дейтініміз 3 қабатты шығармашылық шаңырақ әртүрлі аймақтарға бөлінген. Оқу залдары мен кітап сөрелері іріктеліп, орнатылған. Сондай-ақ бұл кітапханада басқосу студиясы- коворкинг, компьютерлік сынып, фото және бейнетүсірілімге арналған мультимедиа залы бар. Кітапханада 3D модельдерін жасауға арналған проекциялық бөлме, каллиграфия және өнер студиясы, қыш құмыра жасауға арналған шеберхананы да табуға болады.
Әлеуемттік әлеуеті
Түркістан өңірінің тұрғындары еңбекке жақын. Әр істің көзін таба білетін іскерлік, еңбекқорлық қасеиттері бар. Облыс орталығы болғалы қала халқын біршама жұмыс орындарымен қабылдауға да мүмкіндік болды. Бұрындары базар, әкімдік, мектеп, аурухана да жұмыс істейтін болса, қазір жұмыс орындарының саны артқан
Облыста 5 жылда 103 мыңға жуық адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. Бағдарлама шеңберінде 913 адам қысқа мерзімдік кәсіптік оқуға жолданып, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 1276 адамға шағын несие және 4115 адам қайтарымсыз мемлекеттік грант алды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,2%-ға қысқарды.Биыл тағы да «Еңбек» бағыты аясында 84 мың адамға жұмыспен қамту жоспарлануда.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бастап «Жастар тәжірибесі» жобасының мезімі 12 айға дейін ұзартылып, жалақысы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде яғни 91890 теңге болып белгіленді. Жоба аясында 5 658 адам жұмыспен қамтылды. Бұл да жұмыссыздық деңгейінің қысқаруына себеп болады.
Осылайша 5 жылдың ішінде тарихы тереңде жатқан, күллі түркі xалықтарының өткенінен сыр шертетін киелі мекен Түркістан өзгерген өңірге айналды.