Өзгенің ұялы телефонынан 1,5 млн теңгеге сауда жасаған ер адам ұсталды

30 Қыркүйек 2024, 13:41
491
Бөлісу:
Өзгенің ұялы телефонынан 1,5 млн теңгеге сауда жасаған ер адам ұсталды
Фото: pixabay.com

Кездейсоқ кездесуден кейін астаналық азамат ірі сомаға борышкер болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, белгілі болғандай, екі ер адам көшеде танысып, бірге ішімдік ішіп, уақыт өткізбекші болады. Кейінірек олар дүкенге кіріп, жәбірленуші мобильді банктік қосымша арқылы алған тауарларының ақысын төлеген. Сол уақытта қаскүнем телефон мен қосымшаның құпия сөзін байқап қалған. Ыңғайлы сәтті күтіп, ол телефонды жасырын ұрлап алған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында "Сарыарқа" ауданы ПБ қызметкерлері 28 жастағы жігітті анықтады. Ол ұрланған телефонды пайдаланып, жәбірленушінің атына сағат, сымсыз құлаққапты және смартфонды сатып алуды ресімдеген, содан кейін ұрланған мүлікті сатып жіберген. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 1 миллион 500 мың теңгені құрады, - делінген ақпаратта.

Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адам бұрын осыған ұқсас қылмыстар үшін жауапқа тартылғаны анықталды.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға төлем жасау үшін мобильді қосымшаларды пайдаланған кезде қырағы болуды ескертеді. Телефоннан және банктік қосымшалардан құпия сөздерді бөгде адамдарға бермеңіз. Құрылғы жоғалған жағдайда барлық қаржылық қызметтерді бұғаттауға кеңес береміз.

Өзгелердің жаңалығы