Өзге ұлттар қазақтарға не үшін алғыс айтуы керек?

1 Наурыз 2023, 10:52
4217
Бөлісу:
Өзге ұлттар қазақтарға не үшін алғыс айтуы керек?
Фото: Егемен Қазақстан

2015 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылған күні ретінде 1 наурыз Алғыс айту мерекесі деп белгіленіп, 2016 жылдан бері тойланып келеді. Осы орайда, «Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері қазақтарға не үшін алғыс айтуы керек?» деген заңды сұрақ туындайды. Мереке қарсаңында бұл сауалды әртүрлі сала мамандарына қойып көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Қазақ халқы біраз елді жоқ болып кетуден құтқарды»

Қоғамдық даму институтының сарапшысы Аман Мәмбеталиев бұл мерекенің мәнін бір адам екінші адамға алғыс айтады деп тікелей қабылдаудың қажеті жоқ деп есептейді. Оның ойынша, бұл мерекеге тарих тұрғысынан қарау керек.  

Қызыл террор заманын, аштық болған кезді, репрессия уақытын тарих арқылы білеміз. Халқымыз этногеноцидті бастан өткергеннен кейін қазақ жеріне өте көп ұлттар келді. Олардың көбін XX ғасырда күшпен айдап әкелді. Малға арналған техникамен, вагонмен, стансаларға тоқтамай, сусыз, тамақсыз, демалыссыз қинап алып келіп, айдалада тастап кетті, - дейді ол. 

Сарапшы сол кезде өзі қиналып отырған қазақ халқы өзге ұлттарға адам деп, құрбан деп қарап, жомарттық танытқанын айтады. 

Олармен тамағымен, жылы киімімен, үйімен бөлісіп, көбін құтқарып қалды. Қызыл террорлық бітпей жатып, Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. Сол кезде шығысқа театрлар, ғылыми орталықтар, зауыт-фабрикаларды көшіре бастады. Соның біразы Қазақстанға да келді. Мүгедек болып қалған немесе әке-шешесін жоғалтып алған біраз балаларды Қазақстанға алып келді. Олар да көбіне қазақтың үйлеріне келді, - дейді Аман Мәмбеталиев. 

Ол трагедияға толған ХХ ғасырдың ішінде қазақ халқы біраз елді жоқ болып кетуден құтқарып қалғанын айтады. Бірақ билік өзі қылмыс жасаған соң КСРО заманында оны айтқызбаған. 

Сондықтан қазіргі ұрпақ ол трагедияларды білмейді. Қазақ халқының жасаған жақсылығы да өзге ұлттардың есінен шығып кеткен. Өзге ұлттардан қазақ халқын, тілін, салт-дәстүрін сыйламайтын біраз азаматтар болды. Бұл тарихты білмеуден. Сол тарихты білу үшін бұл күн күнтізбеде ерекшеленген, - дейді сарапшы.

Аман Мәмбеталиев Алғыс айту күнінде аталған тарихи кезеңдерді еске алу арқылы өзге ұлттар қазақ еліне рахмет айтқысы келіп, тілін үйреніп, мәдениетін сыйлай бастайтынын жеткізді. Сарапшының айтуынша, бұл тенденция өзге этнос өкілдеріне ғана емес, қазақ халқының өзіне де қажет. 

Алғыс айту қандай күнге айналды?

Астана қаласы Қазақстан Халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Алтынай Тәңірбергенова осы күні Қазақстандағы барлық өзге ұлт өкілдері қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған, кеңпейіл, қонақжай қасиетімен дараланып тұратын қазақ халқына алғыс айтатынын атап өтіп, тарихи дерекке тоқталып өтті.

Кеңестік замандағы жаппай қуғын-сүргін жылдарында 3 миллионнан астам адам жер аударылған. Осынау қилы заманда тағдыр айдап әкелген өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқы кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөлісті. Қазақ халқының мейірімділігі мен қонақжайлылығының арқасында бүгінде елімізде қаншама этнос тату-тәтті өмір сүріп жатыр, - деді ол.

«City Transportation Systems» ЖШС қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Оксана Әубәкірова болса, көктемнің алғашқы күнімен бірге қарсы алатын Алғыс айту күні тек қазақ халқына ғана емес, баршаға алғыс айту күніне айналғанын айтады. 

Қазақстан 128 этносты біріктіріп қана қоймай, әрқайсымызға дамуға мүмкіндік берді. Алғашында бұл мереке қазақ халқына «рахмет» айтудан басталса, қазір бөліп-жармай, жалпы адамдардың бір-біріне өз ризашылығын білдіретін күнге айналды, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы