Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жылда бірлік моделін қалыптастырды. Алдағы жылдары ұйым креатив пен цифрлық жобаларға басымдық бермек. Бұл туралы сенатор Геннадий Шиповских BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Ассамблея – тек ұйым емес, қоғамның тірегі
Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 30 жыл. Сенат депутаты Геннадий Шиповскихтің айтуынша, бұл – аз да емес, көп те емес уақыт. Бірақ осы кезеңде ҚХА елдегі бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастырып қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтере алды.
Ассамблея – жай ғана мекеме емес, ол – түрлі қоғамдық жобаларды іске асыратын жан-жақты құрылым. Еліміздегі қара бұлт үйірілгенде де, қуанышты сәттерде де ҚХА халықпен бірге жүреді. Бұл – оның шынайы миссиясы, – дейді депутат.
Креатив пен цифр дәуірі: Ассамблеяның жаңа бағыты қандай?
Сенатордың айтуынша, алдағы онжылдықта ҚХА креатив индустрия мен цифрлық мүмкіндіктерге көбірек ден қоймақ.
Қазір заман өзгерді, жаңа технологиялар мен креативтік шешімдер уақыты келді. Ассамблея осы бағыттағы барлық тетіктерді қолдануға көшіп жатыр. Алда көптеген тың жобалар бар, – деді ол.
Жастар – болашақ кепілі
Ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісім мәселесі әсіресе жастар арасында маңызды.
Жастар – елдің ертеңі. ҚХА жанынан құрылған Ассамблея жастары ұйымы ешкімді бөлмей, ұлтына қарамастан біріктіруді көздейді. Біз бәріміз – қазақстандықпыз. "Өзге ұлт өкілі" деген тіркестің өзі кейде шеттету болып көрінеді. Сондықтан этнос өкілі деген жөн деп санаймын, – деді Шиповских.
Заң жобалары және тәжірибе алаңы
Сенатордың айтуынша, ҚХА атынан сайланған депутаттар тек қоғамдық келісім мәселесін ғана емес, түрлі саладағы түйткілдерді шешуге атсалысып жүр.
Мысалы, Зәкіржан Кузиев – ауыл шаруашылығы саласының білгірі. Оның тәжірибесі заңнамалық ұсыныстарға негіз болып отыр. Ал Әлішер Сатыбалдиев – БАҚ саласының маманы. Бүгінгі медиа заңнамасына қатысты нақты ұсыныстар береді. Евгений Больгерт – кәсіпкерлікті дамыту бағытында белсенді. Сенатор Нұрия Ниязованың "Бірлігіміз – әралуандықта" жобасы да қоғамға өз пайдасын тигізіп келеді, – деді депутат.
Мемлекеттік тіл – біріктіруші күш
Геннадий Шиповских өзі жетекшілік етіп отырған "Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі" жобасына ерекше тоқталды.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – басты мақсатымыз. Бұл бағытта нақты жобалар іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, менің екінші авторлық заң жобам әзірленуде. Біріншісі өткен жылы қабылданып, Мемлекет басшысы қол қойған болатын. Қазір ол заң жұмыс істеп жатыр. Екіншісі – қауіпсіздік және арнайы органдарға қатысты. Яғни, біздің жұмыс тек бір бағытпен шектелмейді, – деді ол.