"Өзенмұнайгаз" АҚ мен "БерАли Мангистау Company" ЖШС ұрлық бойынша тергеу жүргізілуде

21 Сәуір 2023, 22:18
1440
Бөлісу:
"Өзенмұнайгаз" АҚ мен "БерАли Мангистау Company" ЖШС ұрлық бойынша тергеу жүргізілуде
Фото: yandex.kz

Маңғыстау облысында "Өзенмұнайгаз" АҚ мен "БерАли Мангистау Company" ЖШС-да ұрлық фактілері бойынша тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Өзенмұнайгаз" АҚ және "БерАли Мангистау Company" ЖШС лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде қаражат жымқырды деп күдікке ілінді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша тергеп-тексеру департаменті мәлімдеді.

Жаңаөзен қаласы тұрғындарының "ҚазМұнайГаз" АҚ (Өзенмұнайгаз) жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық және жымқыру фактілері бойынша көптеген өтініштерінің негізінде Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сотқа дейінгі бірнеше тергеу жүргізуде. Атап айтқанда, кәсіпорынның бухгалтерлік және өзге де ресми құжаттамасында бұрмаланған мәліметтерді көрсете отырып, жаңа сорғы-компрессорлық құбырларды жалған орнату арқылы ұрлау фактісі бойынша "Өзенмұнайгаз" АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде. Бұдан басқа, "Өзенмұнайгаз" АҚ лауазымды тұлғалары мен "БерАли Мангистау Company" ЖШС басшылығына қатысты 2022 жылы мұнай өндіру ұңғымаларын жөндеу бойынша жұмыстарды орындауға арналған аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырды деген күдік бойынша тергеу жүргізілуде,- деп жазылған мәлімдемеде.

"БерАли Мангистау Company" ЖШС басшысы өзінің жақын туыстарымен арнайы техниканы жалға алу туралы шарттар жасағаны анықталды. Іс жүзінде 248 млн теңге көлемінде алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып жымқырылған.

Аталған іс-қимылдармен "БерАли Мангистау Company" ЖШС басшылығы мемлекетке ғана емес, компания қызметкерлеріне де зиян келтіргенін атап өтеміз.

Қолма-қол ақша компанияны дамытуға, жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуға, соның ішінде жалақыны көтеруге бағытталуына жұмсалуына болатын еді. Бұл жағдайлар компанияның қарапайым қызметкерлері арасында наразылық тудырды.

Тергеу барысында аталған фактілер тексерілуде. ҚПК 201 бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Өзгелердің жаңалығы