ҚР СІМ Өзбекстанның Түркі кеңесіне кіруіне қатысты мәлімдеме жасады

16 Қыркүйек 2019, 10:27
1512
Бөлісу:
ҚР СІМ Өзбекстанның Түркі кеңесіне кіруіне қатысты мәлімдеме жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстанның Түркі кеңесіне кіруі жөніндегі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Өзбекстан Республикасының Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне (Түркі кеңесі, ТМЫК) кіруін қолдайды.

"2019 жылғы 14 қыркүйекте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне қосылу туралы Жарлыққа қол қойды. Сол күні Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі ТМЫК Хатшылығына Өзбекстанның Түркі кеңесіне қосылуы туралы құжатты жіберді", - деп хабарлады министрлікте.

Түркі кеңесі ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылдың 3 қазанында құрылды. Құрылтайшы мемлекеттер Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия болып табылады.

СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, түркі әлемі үшін бұл маңызды тарихи шешім Нахчыван келісімінің 10 жылдығын атап өтумен дәл келеді. Өзбекстанның Түркі кеңесіне мүшелігі туралы шешімге ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары 2019 жылғы 15 қазанда Бакуде өтетін шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне арналған Түркі кеңесінің 7-саммиті барысында қол қояды. 

"Өзбекстанның ТМЫК-ке мүшелігі түркі әлемінің интеграциясын нығайтуға және мемлекеттердің ынтымақтастығын жаңа белестерге шығуына ықпал етеді, әсіресе бұл Түркі кеңесі түркі елдерінің экономикалық өзара іс-қимылын күшейту жөнінде нақты қадамдар жасаған кезеңде орын алуда. 2019 жылдың мамырында Қазақстанның елордасында өткен XII Астана экономикалық форумы аясында кәсіпкерлердің арасында өзара байланысты күшейтетін және мемлекеттер арасында сауда айналымының өсуіне бағытталған Түркітілдес мемлекеттердің бірлескен сауда-өнеркәсіп палатасы құрылды", - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы