Өзбекстан Сенаты 90 күннен астам уақыт шетелде болғаннан кейін елге оралған азаматтарды міндетті түрде ВИЧ инфекциясына қарсы медициналық тексеруден өткізу туралы заңды мақұлдады. Бұл туралы Gazeta.uz басылымы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Заң жобасына сәйкес, талап тек өзбекстандықтарға ғана емес, елге жұмыс істеуге немесе тұрақты тұруға келген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға да қолданылады. Осылайша, Өзбекстан өз азаматтарына мұндай міндетті тәртіп енгізген әлемдегі алғашқы мемлекет болуы мүмкін.
ВИЧ жұқтыру деректері артып отыр
Сенатор Гүлнора Маруфованың айтуынша, елге шетелден оралған азаматтар мен мигранттар саны жыл сайын артып келеді. Бұл санаттағы азаматтар арасында ерікті медициналық тексерулер нәтижесінде инфекциялық аурулар жиі анықтала бастаған.
2024 жылы шетелден қайтып келген 1,7 миллион өзбекстандықтың ішінде тек 434 мыңы (25%) ғана ВИЧ-ке ерікті түрде тест тапсырған. Оның ішінде 1 512 адамда ВИЧ диагнозы расталған. Сонымен қатар, 12,7 мыңнан астам шетелдік пен азаматтығы жоқ тұлғалардың ішінен 81 адамның инфекция жұқтырғаны анықталған.
Сенатор мәлімдегендей, мигранттар арасында ВИЧ жұқтыру көрсеткіші 23,7 пайызға артқан. Бұдан бөлек, 903 мигранттың жұбайын тексеру барысында 262 адамнан ВИЧ инфекциясы табылған.
Тексеруден кімдер өтеді?
Жаңа заң аясында ВИЧ-ке қарсы міндетті медициналық тексеруден келесі санаттағы тұлғалар өтеді:
18–60 жас аралығындағы Өзбекстан азаматтары, егер олар шетелде 90 күннен астам уақыт үздіксіз болған болса;
Өзбекстанда тұрақты тұратын немесе жұмыс істеуге келген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар.
90 күндік мерзім инфекциялық аурулардың инкубациялық кезеңіне байланысты белгіленген.
Қаржыландыру тәртібі мен шектеулер
Заңға сәйкес:
Өзбекстан азаматтары мен елде тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар тексеруден мемлекеттік бюджет есебінен өтеді;
Шетелдіктер тексеруді өз есебінен, жұмыс берушінің қаржысы немесе заңмен тыйым салынбаған басқа да көздер арқылы өтеді.
Сондай-ақ жаңа заңда ВИЧ немесе туберкулез диагнозы қойылған тұлғаларға Өзбекстан аумағында еңбек қызметін жүргізуге рұқсат берілмейді.
Бұл шаралар қоғамдық денсаулықты қорғау және инфекциялардың ел ішінде таралуын болдырмау мақсатында қолға алынуда.