Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет үшін жаралған Өзбекәлі Жәнібеков қай қызметте болсын, істеген жерінде із қалдыра білген азамат. Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұқұлы ғалымның 90 жылдығына арналған конференцияда айтты.
Көзі тірісінде даңқы қазақ еліне жайылған, өлшеусіз зор еңбегімен халқының жүрегінен орын алған мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына биыл 90 жыл.
Жиын барысында депутат Алтынбек Нұқұлы ғалымның қазақ мәдениетіне қосқан үлесін, кеңес заманында алашордашылардың есімін ақтау бағытындағы ерен еңбегін атап өтті.
Ғалымның Отырардай қасиетті өңірде дүниеге келіп, тарих, елтану, мұратану, ұлттық мәдени ескерткіштерді қорғаумен өнегелі ғұмыр кешкені, жалпы қазақтану ғылымының қағанағына, ұлт мақтанышына айналғаны бәрімізге мәлім. Кеңестер одағының қылышынан қан тамып тұрған сәтте ұлт руханияты үшін қыруар іс атқарып, ХХ ғасырдың нар тұлғалары Темірбек Жүргеновпен өзі пір тұтқан Илияс Омаровтың жолын асқан абыроймен жалғастырған Өзбекәлі Жәнібековтың өмірі бүгінгі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге екені сөзсіз. Мәдениет үшін жаралған Өзбекәлі Жәнібеков қай қызметте болсын, істеген жерінде із қалдыра білген атпал азамат. Жастар одағы, комсомолда шыныққан Жәнібеков 70 жылдары Торғай облысы құрылғанда ұшан-теңіз еңбек сіңіргенін торғайлықтар ыстық ықыласпен әрдайым еске алады. Торғайды түлетіп, өзі де түлеген Өзбекәлі Жәнібеков көз жұмғанша қазақ еліне, руханиятына қызмет етуден бір тымбай өтті,-деді ол.
Сонымен қатар ол ғалым алаш зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақов Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтарды ақтап алуда, оның алдында Шәкәрім есімімен еңбектерін жарыққа шығарып, халықпен қайта қауыштыруға ұйытқы болып, қайсар мінез көрсеткенін жеткізді.
Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханның «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзінің дәлелін Жәнібеков қызыл кеңес заманында басын бәйгеге тіге отырып көрсетті. Ол осы бір ісімен ғана қазақ халқының тарихында есімін алтын әріптермен мәңгіге қалдырғаны айқын. Бұл уақыт 1988 жылдың басы, ол кезде Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланған болатын. Ол сонымен қатар қазақ елінің тарихында 62 жыл бойы тойланбаған Әз-Наурыз мейрамымен халқын қайта қауыштырды. Сондай-ақ ұлт тілінінің тағдырына алаңдап, халықаралық Қазақ тілі қоғамын құруы, оның Ана тілі газетін өмірге әкелуі Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей ықпалымен байланысты болды,-деді Алтынбек Нұқұлы.
Ғылыми-тәжірибелік конференция БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының ұйымдастыруымен өтті.
Бұған дейін депутаты Түркістан қаласына Өзбекәлі Жәнібековтің ескерткішін қоюды ұсынған болатын.