Өз бизнесін ашу үшін 12 мыңнан астам жасқа гранттар берілді - Көлгінов

6 Қаңтар 2023, 10:39
786
Бөлісу:
Өз бизнесін ашу үшін 12 мыңнан астам жасқа гранттар берілді - Көлгінов

Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Достар, бүгін жастарды жұмысқа орналастыру іс-шарасы жайлы сөз қозғауды жөн көріп отырмын. Өздеріңіз білетіндей, мектеп, колледж/университет адамның таным-көкжиегінің, білімінің іргетасын қалап, белгілі бір мамандық иесі болуына септігін тигізеді. Бұл жастардың болашақта қызмет етіп, карьерасын құруына мүмкіндік жасайды.

Дегенмен тәжірибесіз бәрі бірдей жұмысқа тұра алмайтынын да білеміз. Осы үшін «NEET жастар» ұғымы (оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігі жоқ жастар) заңнамалық түрде бекітілген. Жастардың басым бөлігін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша олардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Осылайша, жастар саны 5,7 млн адамға дейін өсті, - деп жазды Көлгінов.

Осы мақсатта қандай шаралар қабылданып жатыр:

Бірінші. 2022 жылдың наурыз айынан бастап «Жастар практикасы» (6 айдан 12 айға дейін, 25-тен 30 АЕК-ке дейін) және «Алғашқы жұмыс орны» (12-ден 18 айға дейін, 20-дан 30 АЕК-ке дейін) жобалары бойынша ұзақтығы мен жалақысы ұлғайтылды. Бұл шаралар 177 мыңнан астам жасты жұмысқа (оның ішінде 107 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындарына) орналастыруға мүмкіндік берді.

«Бастау бизнес» жобасы аясында 70 мыңға жуық жас онлайн-оқытудан өтті; «Жасыл ел» жобасы бойынша 2025 жылға дейін жыл сайын елді мекендерді абаттандыру мақсатында ақылы маусымдық жұмысқа 30 мың жас жұмылдырылатын болады.

Екінші. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар үшін жылдық 2,5% жеңілдікпен шағын несие беру тетігі енгізілуде. Несиенің ең жоғары сомасы – 5 млн теңгеге дейін. 2023 жылы 6 мыңға жуық шағын несие беру жоспарланып отыр.

Өз бизнесін ашу үшін 12 мыңнан астам жасқа 400 АЕК (1 млн 200 мың теңгеден астам) мөлшерінде гранттар берілді.

Үшінші. Жаңа әлеуметтік кодекс аясында 3,3 млн-нан астам адамды, оның ішінде 2,3 млн жасты жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Нақтырақ айтқанда, ұлттық жобалар мен бизнестің жеке бастамалары аясында құрылатын жаңа жұмыс орындары, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындары, өз ісін ашуға арналған құралдар; жұмыс күшінің табиғи реттелуіне байланысты бос орындар және т.б.

Төртінші. 2 қалада және 6 облыста жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары (Астана, Алматы қалалары, Атырау, Қостанай, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстары) іске қосылды. Жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша ірі қалаларда жұмыс істейтін жастарға 7 мыңнан астам жалдамалы тұрғын үй берілді.

Жоғарыда аталған шаралар жұмыс орындарын құруға, жастардың тәжірибе жинап, мамандық иесі атануына, баспаналы болуына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтендіру мәселелерін ерекше бақылауда ұстайды.

Өзгелердің жаңалығы