"Өз басымнан да өткен". Жер сілкінгенде түрік кәсіпкері халықты өз мейрамханасына паналатқан

26 Қаңтар 2024, 16:39
5669
Бөлісу:
"Өз басымнан да өткен". Жер сілкінгенде түрік кәсіпкері халықты өз мейрамханасына паналатқан
Фото: жеке мұрағат

Желіде Алматыдағы жер сілкінісі болған түні тонған адамдарды дәмханасына кіргізіп, тегін шай таратқан түрік кәсіпкерінің видеосы тараған болатын. BAQ.KZ редакциясы онымен байланысып, мән-жайды сұрады.

Ариф Ипек – Алматы қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін кафесі бар кәсіпкер. Оның дәмханасы жеке үйлер сияқты басқа ғимараттан бөлек орналасқандықтан, жер сілкінісі болған түні жақын маңайдағы Алматы тұрғындары сол кафені паналаған.

Жер сілкінісі болғанда кафеде жүрдім. Қорқыныш болды. Бірақ үрейге берілуге болмайды. Сол үш қызметкерлерді сабырға шақырдым. Көрші үйлерден шыққан біршама адам кафемізге келді, - деді кәсіпкер.

Ариф Ипек 23 қаңтар түнгі ауысымдағы әдет бойынша дәмханадағы 4 залдың 2-еуі ғана жұмыс істеп, қызметкер саны да күндізгіден аз болғанын айтты.

Түнгі ауысымда бір администратор, 3-4 даяшы ғана жұмыс істеді. Бір кезде түнгі ауысымдағы админ келіп, «Не істейміз? Адам көп. Мен үлгере алмаймын» деді. Мен оған «Сен алаңдамай-ақ қой, олар менің қонақтарым. Мен екі залды ашамын, олар ешкімге бөгет жасамайды» деп жауап бердім, - дейді кафе иесі.

Ол ашқан залдарға алдымен жасы үлкен және балалары бар адамдарды кіргізіп, балаларға ойын алаңын ашып берген. Оларға шай, шырын, каркаде, компот сияқты сусындарды тегін таратқан. Біршама адамдар кафеде таңға дейін қалған.

Мен мұны біреу көрсін, мені теледидардан, интернеттен шығарсын деп істемедім. Алла разылығы үшін адамдарға қолымнан келгенше көмектестім. Өйткені жер сілкінісі менің басымнан да өтті, - деді ол.

Ариф Ипек 1999 жылы Ыстамбұл маңында болып, 18 мыңға жуық адамның өмірін қиған зілзаланың куәсі болғанын айтты.

Мен ол кезде шамамен 18-де болдым. Көп адам зардап шекті. Бір апта далада қондық, - деді кәсіпкер.

Ол жер сілкінісі болған жағдайда бастысы қорқынышқа беріліп кетпеу керегін айтты.

Өзгелердің жаңалығы