Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге 103 млн теңге төленді

21 Сәуір 2024, 21:23
427
Бөлісу:
Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге 103 млн теңге төленді
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Бұл сомаға материалдық шығын мен бірреттік әлеуметтік төлем көлемі қосылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Ойыл ауданына барды. Мұнда Асхат Шахаров Шиқұдық, Қаратал, Ойыл ауылдарында болып, тұрғындармен кездесті. Су тасқыны кезінде залал келген Саралжын және Ойыл селосына кіреберіс көпірдің жай-күйімен танысты. Аудан орталығындағы жаңа тұрғын үй салынатын аумақта жер учаскелерінің бөлінуін бағамдады.

Асхат Шахаров Саралжын ауылдық округінің құрамындағы 174 тұрғыны бар Шиқұдық ауылында болды. Табиғи апат кезінде елді мекендегі жолды су бұзған. Жергілікті белсенді азаматтар облыс әкімінен жол мен көпірді қалыпқа келтіріп беруді сұрады. Жақын күндері елді мекенге жол саласының мамандары келіп, мәселені шешу жолдарын қарастырады.

Шиқұдық орта мектебіне барған өңір басшысы оқушылармен тілдесті. 9 жылдық білім ордасында 48 бала оқиды, 18 мұғалім дәріс береді. Саманнан салынған мектеп 2000 жылы бой көтерген. Қазір мұнда жаңа мектеп салу қажеттілігі бар. Асхат Шахаров аудан әкіміне бұл мәселені білім басқармасымен келісіп, жоспарға енгізуді тапсырды.

Табиғи апаттан Саралжын ауылдық округі аумағындағы көпір де іске аспай қалды. Қазір халық айналма жолмен қатынап жүр. 2008 жыл салынған көпірдің жалпы ұзындығы – 100 метр. Нысанның тіреуіш бағаналары ауыстырылады. Облыс әкімі құрылыста асықпауды, сапалы материалдар пайдалануды Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына міндеттеді.

Ойыл ауылына кіреберіс көпір де жөндеуді қажет етеді. Мұнда су ағысы қатты болып, көпірдің тірегі істен шыққан еді. Қазір уақытша жол салатын мердігер анықталды. Сонымен қатар техникалық тексеру қорытындысы шыққан соң, құрылыс басталады. «ТенгизСтройСервисГрупп» мекемесі тірек бағаналарының жағдайын тексеріп, жер қыртысын зерттеуде.

Көктемгі су тасқынында Қаратал ауылында 236 үйді су басты. Материалдық шығынды есептейтін комиссия шешімімен, 19 үй қайта жөнделеді. 178 үйдің іргетасы жаңадан қаланады. 34 қараталдық отбасы аудан орталығына көшу туралы шешім қабылдаған. Өңір басшысымен кездесуде тұрғындарды тұрғын үйлер қашан бой көтереді, ауыл маңында бөгет салына ма деген сұрақтар қызықтырды.

Өздеріңізге белгілі, су тасқынының салдарын жою – Мемлекет басшысының қатаң бақылауында. Президент айтқандай, табиғи апаттың зардабын көрген әрбір жанға көмек қолын созамыз. Құрылған комиссия шығынды есептеп жатыр, бағасын береді. Соның негізінде біржолғы әлеуметтік төлемді төлеп жатырмыз. Мүлік жарамсыз болса, жаңадан үй саламыз. Малдың шығыны үш түрлі жолмен есептелуде. Бастысы – ресми ақпарат көздеріне сену, алыпқашпа әңгімелерге сенбеу. Біршама жұмыс істеліп жатыр. Сіздерден де қолдау күтеміз, - деп атап өтті Асхат Шахаров.

Қараталда үйі құлағандардың бірі – 70 жастағы Күләш Рүстенова. Әжей үйіне барған өңір басшысына туған жерінен көшпейтінін жеткізді.

Судың қарқыны қатты болды. Қалай келгенін байқамай қалдық. Басымыз аман. Жаңадан үй салып береміз деді. Ауылда қаламыз. Ешқайда көшкіміз келмейді. Қорадағы малдың да өтеуі төленеді екен. Бірреттік төлем - 369 мың теңгені балаларым алыпты, көмек көрсетіліп жатыр, - деді көзіне жас алған Күләш Рүстенова.

Қазіргі уақытта Ойыл ауданы бойынша 100 айлық есептік көрсеткішті құрайтын әлеуметтік төлем 270 отбасыға берілді. Ал бүлінген мүлікке берілген сома 54 млн теңгеге жуықтайды, оны 17 отбасы алған.

Жұмыс сапарының соңында Асхат Шахаров Ойыл ауылында бой көтеретін жаңа үйлерге бөлінген аумаққа барды. Алдын ала есеп бойынша, барлық инфрақұрылымы тартылған бұл жерге Екпетал, Жаңабаз және Қаратал ауылының тұрғындары үшін 100-ден аса үй салынады.

Өзгелердің жаңалығы