Өткен тәулікте, 6 наурызда, Қарағанды облысының автожолдарынан құтқарушылар 24 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылынан 5 шақырым жерде қар құрсауынан автожолдың тазартылған учаскесіне Mercedes-Benz Sprinter автокөлігі шығарылды. Салонда бір адам болды, ол медициналық көмекті қажет етпеді. Осы ауданның Ағадыр ауылынан 10 шақырым жерде қар құрсауында қалған KIA жеңіл автокөлігінен екі адам эвакуацияланды.
Қарқаралы ауданының Қайнарбұлақ ауылдық округінде құтқарушылар шұғыл ауруханаға жатқызуға мұқтаж адамды қалалық ауруханаға жеткізуге көмектесті. Сондай-ақ Қарқаралыдан 3 шақырым жерде ТЖД күштері ішінде екі адам болған KIA автокөлігін қар құрсауынан алып шықты. Оларды жолдың тазартылған бөлігіне алып барды, адамдарға медициналық көмек қажет болмады.
Абай ауданында жол жүру қиындауына байланысты құтқарушылар Топар ауруханасына босанатын әйелді жеткізуге көмектесті. Сондай-ақ, осы ауданда, Ақбастау ауылынан 2 шақырым жерде ТЖД және жол қызметінің күштері қар құрсауынан ішінде үш адам болған BMW автокөлігін алып шықты.

Авариялық-құтқару жұмыстары Нұра ауданында да жүргізілді. Ақмешіт ауылынан 20 шақырым жерде қар құрсауында қалған «Нива» автокөлігінен құтқарушылар екі адамды эвакуациялады. Оларды Кертіндіге жеткізді, құтқарылғандар медициналық көмекті қажет етпеді. Осы ауданда, Жараспай ауылынан 25 шақырым жерде ТЖД қызметкерлері қар құрсауынан үш жеңіл көліктің шығуына көмектесіп, сегіз адамды, соның ішінде бір баланы құтқарды. Олардың барлығы Нұра ауылына жеткізілді.
Осакаров ауданында, Молодежныйдан 50 шақырым жерде құтқарушылар қар құрсауынан екі адамы бар «Нива» автокөлігін шығарды. Сонымен қатар, осы ауданда, Колхозный ауылынан 5 шақырым жерде ТЖД қызметкерлері қар құрсауынан үш адамы бар Hyundai жеңіл автокөлігін шығарды.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті дауылды ескертулерді ескеріп, ауа райының нашарлауы кезінде елді мекендерден тыс жерлерге барудан бас тартуды ұсынады.