Өтеген Оралбайұлы: «Барыс» ордені еңбегіме берілген баға

22 Қазан 2022, 15:56
1808
Бөлісу:
Өтеген Оралбайұлы: «Барыс» ордені еңбегіме берілген баға

Ұлттық мереке қарсаңында «Барыс» орденімен марапатталған ақын әсерімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін мемлекет басшысының жарлығымен бірқатар мемлекет қайраткерлері түрлі орденмен марапатталды. Солардың ішінде ақын, публицист, қоғам қайраткері Өтеген Оралбаев та бар. Марапат иесін біз де құттықтадық. Ол өз әсерін былайша сипаттады: 

 «Өмір жолымда кезіндегі «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет атқардым. Одан соң, 1994 жылы Қазақстанның тұңғыш кәсіби парламенті Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болдым. Бұған дейін руханият саласындағы азын-аулақ еңбегім үшін «Парасат» орденімен, 2018 жылы «Шуақты шақ» өлеңдер жинағым үшін мемлекеттік марапатқа ие болдым. Ұлттық мереке - Республика күнінде «Барыс» орденін алғаным, менің еңбегіме берілген баға деп білемін.Барша марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын»,- деді ақын.

Сондай-ақ, мемлекет басшысының бұл күнді қайта жаңғыртуға шешім қабылдауы – елге сіңірген перзенттік үлесі деп санайтынын айтты.

 «Республика күні жанымызға жақын, ұлтымыздың тарихына, қоғамдық –саяси өміріне тікелей қатысты үлкен ұлық мереке. Егемендік декларациясы қабылданған кезде Жоғарғы кеңестің құрамындағы тілшілер сапында қызмет жасаған болатынмын. Сол күн әлі есімізде. Жоғымыз табылғандай, өлгеніміз тірілгендей болып, қатты қуанғанбыз. Себебі бұл күн біздің ата-бабаларымыз асыға күткен күн еді. Осыған дейін Республика күнін қайта жаңғырту туралы мәселелер талай көтерілген еді. Бірақ, сол кездегі саяси шешім бойынша елеусіз қалып отырды. Осы орайда мемлекет басшысының осындай саяси шешім қабылдағаны елге жасаған перзенттік үлесі деп ойлаймын»,- деді Өтеген Оралбайұлы.

Өзгелердің жаңалығы