Отбасының табысы ғана емес, шығыны да есептеледі: Жәрдемақы кімге беріледі?

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 14 Қазан 2026, 11:51
14 Қазан 2026, 11:51
134
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстанда әлеуметтік көмек алушыларды анықтау кезінде отбасының табысымен қатар шығыны да ескерілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Құрылтай отырысында «Цифрлық отбасы картасы» арқылы отбасының әл-ауқаты қалай бағаланатынын және материалдық жағдайы нашарлаған кезде мәртебесі қаншалықты жедел өзгеретінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мәселені Құрылтай депутаты Наталья Рамазанова көтерді. Оның айтуынша, әлеуметтік қолдау жүйесі нақты көмекке мұқтаж азаматтарға бағытталуы тиіс. Осыған байланысты ол «Цифрлық отбасы картасы» бойынша А және В санаттарына жатқызылатын отбасылардың қалай анықталатынын және олардың нақты шығындары есепке алына ма деген сұрақ қойды.

«Цифрлық отбасы картасы» отбасының жағдайын бір ғана көрсеткішке қарап бағаламайды. Министрдің айтуынша, жүйе мемлекеттік деректер базаларынан ақпарат жинап, үй шаруашылығын сегіз негізгі бағыт бойынша бағалайды.

Олардың қатарында жұмыспен қамту, кірістер, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, кредиттік жүктеме, білім деңгейі және басқа да көрсеткіштер бар. Жалпы алғанда, жүйеде 50-ден астам белгі ескеріледі.

Санат бүкіл отбасы мен үй шаруашылығы туралы деректердің жиынтығы негізінде анықталады. Мұнда жалақы немесе мүлік секілді бір ғана белгі ескерілмейді. Цифрлық отбасы картасы мемлекеттік деректер базаларынан ақпарат жинап, үй шаруашылығының материалдық және әлеуметтік жағдайын кешенді түрде бағалайды, – деді Асқарбек Ертаев.

Министрдің мәліметінше, алдағы уақытта отбасының шығындары да есепке алынады.

Оның айтуынша, заңға сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейдегі банктер алушының және оның отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді ұсынатын болады. Осы деректер арқылы отбасының кірістерімен қатар шығыстары да ескерілмек.

Ал отбасының әлеуметтік мәртебесі қаншалықты жиі өзгеретініне келсек, министр жүйенің 30 деректер базасымен интеграцияланғанын және мәліметтердің күн сайын жаңартылатынын айтты. Ал отбасының санаты ай сайын қайта анықталады.

Мысалы, отбасы қазан айында В санатында болып, кейін белгілі бір тәуекелдерге байланысты желтоқсанда С санатына өтсе, оған тиісті мемлекеттік қолдау шарасы проактивті түрде тағайындалады.

Бұл мәліметтерді тұрақты түрде өзектендіріп, үй шаруашылықтарының материалдық және әлеуметтік жағдайын ескеруге және олардың әл-ауқат деңгейін уақытылы қайта қарауға мүмкіндік береді, – деді министр.

Наверх