Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарағандылық полицейлер толғағы қысқан әйелді қызметтік көлікте босандырып алды. 23 ақпан күні Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Медет Төлегенов пен Берік Кеңесов қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау бойынша Жаңа-Майқұдық аумағында қызметке түскен. Сағат түнгі 24:00 шамасында полиция қызметкерлеріне жедел басқару орталығынан сол аумақта орналасқан шағын аудандандағы көп қабатты үйлердің бірінде отбасылық жанжал болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Мекенжайға келген полиция қызметкерлері әйел адамды көрген. Азаматша жолдасымен ұрысып қалғаны, кейін татуласып, бір-біріне ешқандай өкпе-назы жоқ екенін айтқан, - деп атап өтті ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Белгілі болғандай, тәртіп сақшыларынан бір азамат келіп, әйелінің толғағы қысып жатқанын айтып, тез арада перзентханаға апаруын өтінді. Жедел жәрдем шақырғанымен оның қай уақытта келетіні белгісіз болғандықтан полицейлер бірден перзентханаға бағыт алған.
Полиция қызметкерлері абдырап қалмай, бірден толғағы қысқан азаматшаға медициналық көмек көрсетті. Арада бірнеше минут уақыт өткенде азаматша аман-есен қызметтік көлікте өмірге сәби қызды алып келді. Полиция қызметкерлері анамен баланы перзентханаға апарып, дәрігерлердің қарауына тапсырды, - дейді Ішкі істер министрлігінің өкілі.