Ақтөбеде аз қамтылған отбасыларға арналған жалдамалы тұрғын үй құрылысына 2,7 млрд теңге бөлінеді

7 Наурыз 2019, 21:32
1668
Бөлісу:
Ақтөбеде аз қамтылған отбасыларға арналған жалдамалы тұрғын үй құрылысына 2,7 млрд теңге бөлінеді

Ақтөбе, BAQ.KZ. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Иманалин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында хабарлады.

Нұрлан Иманалин, Мемлекет Басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасы аясында өңірде аз қамтылған отбасыларға арналған жалдамалы тұрғын үй құрылысына 2,7 млрд. бөлінетіндігін атап өтті.

Бұл қаражатқа Ақтөбе қаласы, Алға, Қобда, Мұғалжар, Байғанин және Шалқар аудандарында жалпы көлемі 23 мың шаршы метр болатын тұрғын үй немесе 335 пәтер салынатын болады. Тұрғын үйдің  60%-ы көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға, жалғыз басты аналарға арналады.

Сондай-ақ ағымдағы жылы жалпы көлемі 22,9 мың шаршы метр болатын немесе 377 пәтерді сатып алу құқығынсыз халықтың әлеуметтік-осал отбасыларына арналған жалдамалы тұрғын үйдің құрылысы аяқталатын болады. Жоба «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен Мәртөк, Хромтау аудандарында және Ақтөбе қаласында жүзеге асырылып жатыр. Бұл мақсатқа 1,5 млрд. теңгені бөлу жоспарланып отыр

Елімізде бастау алған «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында аз қамтылған отбасыларға несиелік пәтерлерін сатып алу кезінде алдын-ала төлем ретінде пайдалана алатын тұрғын үй сертификаттарын беру үшін облыстық бюджеттен 200 млн.теңге бөлінді. Жалпы көлемі 86,2 мың шаршы метр немесе 1 341 пәтер болатын халықтың әлеуметтік-осал топтарына арналған 27 несиелік тұрғын үйдің құрылысы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында басталып кетті.

Сонымен қатар ағымдағы жылы Қобда, Мұғалжар және Ойыл аудандарында жергілікті бюджет есебінен салынған жалпы көлемі 5 мың шаршы метр немесе 60 пәтер болатын жалдамалы тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.

Айта кетер болсақ, 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 908,6 мың шаршы метрді құрайтын шамамен 8 мың пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй қорында есепте тұрған адамдарды, соның ішінде халықтың әлеуметтік-осал топтарын баспанамен қамту мақсатында 2018 жылы Алға, Қарғалы, Хромтау аудандарында және Ақтөбе қаласында республикалық бюджет есебінен сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй құрылысының жұмыстары басталды. 1,4 млрд. теңге игерілді.
Өзгелердің жаңалығы