«Отбасылық сот» жобасын іске асыру үшін жұмыс тобы құрылды

1 Сәуір 2019, 19:49
2432
Бөлісу:
«Отбасылық сот» жобасын іске асыру үшін жұмыс тобы құрылды

Тараз, BAQ.KZ. Жамбыл облыстық сотының бастамасымен «Отбасылық сот» жобасын іске асыру шеңберінде «Бастау» жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Жұмыс тобының құрамына енген әкімдік басқармаларының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен құқық қорғау органдарының өкілдері отбасы институтын нығайту бойынша бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруды мақсат тұтуда. Әңгіме, әрине, отбасылық қатынастарды сауықтырып, отбасылық-тұрмыстық даулар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтарды қысқартуда болып отыр.

Осындай қолдау мұндай көмекке мұқтаж адамдардың келісімімен ерікті түрде көрсетіледі.

Отбасыны қолдап, балаларды қорғайтын жұмыс тобы неке қидыруды қалайтын жұптарға неке-отбасы заңнамасы жөнінде консультация беру жөніндегі іс-шараларды АХАТ органдарының жолдамалары бойынша ұйымдастырады. Олар сонымен қатар отбасындағы өзара қарым-қатынас мәселелері, жанжалды жағдайларды бейбіт жолмен реттеу жөнінде де көмек көрсетеді.

Отбасы, оның ішінде балаларды қорғау мәселелері бойынша қатысамын деген адамдар үшін «Ашық есік күндері» өткізіледі. Осы орайда көмек сұрай келген адамдарға кәсіби консультация беріліп, отбасылық өмірдің құндылықтары, ата-аналық міндеттерді тиісінше орындау, қорғаншылық пен қамқоршылық, кәмелетке толмаған балалардың тәртібін қалыптастыру туралы лекциялар оқылады. Сонымен қатар, мұнда тегін психологиялық көмек көрсетіледі, ал ажырасамыз деп ұйғарған ерлі-зайыптыларды татуластырудың қадамдары жасалады.

Облыстық соттың судьясы Гүлнәр Асылбек осылар туралы айта келіп, отбасылық-неке дауларын қарау кезінде оларды мәні бойынша шешумен шектеліп қалмайтындарын айтты. Олар жұмыс тобымен өзара бірлесе іс-қимыл жасай отырып, отбасылық қатынастарды сауықтырып, отбасын сақтау және тараптарды татуластыру жөнінде шаралар қабылдауда.

Өзгелердің жаңалығы