Отбасы құндылықтарын дәріптеу – ұлттық тәрбие негізі

15 Мамыр 2024, 18:55
2389
Бөлісу:
Отбасы құндылықтарын дәріптеу – ұлттық тәрбие негізі
Фото: Кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Бүгін - Халықаралық отбасы күні. Осы орайда біз Ақтөбе облысындағы көпке үлгі болып отырған көпбалалы отбасымен және отбасы құндылықтарын дәріптеп жүрген маманмен тілдескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұстаздар әулеті

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылында тұратын Малаевтар әулеті - көпке үлгілі, көпбалалы отбасы. Ерлі-зайыпты Қайрат, Гүлнар Малаевтардың екеуі де ауылдағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Атап айтсақ, Қайрат Малаев М.Тәжин атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берсе, келіншегі Гүлнар - осы мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп, хакім Абай айтқандай, саналы ғұмырын білім беру ісіне арнап, бүгінде ауыл балаларына сапалы білім мен тәрбие беруден жалықпай жүрген Малаевтарды жұрт ұстаздар әулеті ретінде біледі.

Менің туған жерім - Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құмтоғай елді мекені. Ұстаздық қызметімді 2000 жылы Құмтоғай орта мектебінде бастадым. 2007 жылы Шалқар ауданы қасиетті Мөңке би ауылына келін болып түстім. Қасиетті деп отырғанымның да өзіндік себебі бар. Бұл ауылды көпшілік «бұлты бөлек ауыл» деп мақтан етеді. Өйткені бұл ауыл Шектінің шексіз ойлы пайғамбары атанған Тілеу батырдың бел баласы, ерекше көріпкелдік қасиеті бар, «қазақтың нострадамусы» атанған Мөңке Тілеуұлы атындағы ауыл. Осындай ауылға келін болып түскеніме қуанамын. Мен келін боп түскен қара шаңырақтың иесі, әкеміз Жақсылық Жантөреұлы ұзақ жылдар ауыл мектебінде математика пәнінен сабақ берген. Анамыз Нағашыбек Сәдуақасқызы екеуі он бір баланы өмірге әкелген. Атамның тәрбиелеген шәкірттері әлі күнге дейін еске алып, отбасымызға соғып, естеліктерін айтып отырады. Екеуі де ертерек өмірден озып, мен келгенде сол он бір баланың үшеуі ғана отбасын құрған еді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, әкеміздің салып кеткен ұстанымы бүгінге дейін жалғасын тауып келеді, - дейді Гүлнар Елеусізқызы.

Әке-аналарының жолын жалғап, бүгінде ұлағатты ұстаз болып отырған Қайрат, Гүлнар Малаевтарды Мөңке би ауылының тұрғындары ерекше сыйлайды. Бірі кішкентай балдырғандарды мектеп табалдырығынан аттатып, оларға әріп үйретіп, білім алуына жағдай жасаса, енді бірі жас ұрпақты патриоттылыққа, отансүйгіштікке, табандылыққа тәрбиелеп келеді. Ерлі-зайыпты отбасында төрт бала өсіріп отыр. Қашан да балаларының дұрыс жол таңдап, жарқын болашақ иелері болуына атсалысып жүрген ата-ананың олардан күтер үміті зор. Отбасылық құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрлерді мықты ұстанатын ұстаздар әулеті жыл сайын 15 мамыр - Халықаралық отбасы күнін ерекше атап өтеді.

Отбасы құндылықтарын дәріптеу – ұлттық тәрбие негізі

Отбасымызда балаларымыз ата-анаға деген құрметті бірінші орынға қояды. Себебі біз оларға солай тәрбие бердік. Біздің отбасымызда әке тұрып ұл, ана тұрып қыз сөйлемейді. Жолдасым әскери саланы меңгергендіктен, біздің үйімізде әскери тәртіп қалыптасқан. Әр адам өзіне жүктелген жауапкершілікке адами тұрғыдан адал болуы керек екенін жолдасым әрдайым айтып отырады. Ал бала тәрбиесіне келсек, ата- бабадан жалғасқан үрдіс бойынша қыз балалардың тәрбиесін, жан дүниесін ұғыну, олармен сырласу менің еншіме тиген жауапкершілік болса, ал ұлымыз үнемі бос уақытында әкесінің жанында жүреді. Оқушыларым да өзімнің балаларым сияқты, уақытымның көбін солармен өткіземін. Бұл — кез келген бастауыш сынып мұғалімдеріне тән қасиет. Алдыңа келген бүлдіршіннің әріп тануы, жүргізіп оқуы мен қоршаған ортаның қыр-сырын ұғынуы, осы қабілеттердің олардың бойында қалыптасқанға дейін тыным таппай еңбектену — ол біз үшін жазылмаған заңдылық, - дейді Гүлнар Елеусізқызы.

Отбасы - бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар бұлағы, бастауы. Бұл орайда Малаевтар отбасы өз балаларына дұрыс бағыт-бағдар беруде өнеге көрсетіп келе жатқан үлгілі әулет. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»  демекші, ұстаздар әулетінде болашақта ұстаздық жолды жалғастыратын тағы бір жас буын өкілі шығатынына сеніміміз мол.

Отбасы бүтіндігі - қоғам тұрақтылығы

Ақтөбе қаласы отбасын қолдау орталығының психологы, логопед-маман Зульфия Абдулдинованың педагогика саласында еңбек еткеніне отыз жылға жуықтаған. Отбасы құндылықтарын насихаттап, облыстағы әр түрлі отбасылармен кездесіп, жұмыс жүргізіп жүрген маман бала тәрбиесінде ұлттық тәлім-тәрбиені дұрыстасақ, қоғамдағы зорлық-зомбылық, ажырасу, буллинг, басқа да мәселелерден арылуға болатынын айтады.

Отбасы - адамды жақсылық жасауға үйрететін алғашқы әлеуметтік орта. Сол үшін отбасындағы сүйіспеншілік, дұрыс тәрбие, салт-дәстүр, ішкі тыныштық бірте-бірте отбасылық құндылыққа айналады. Осы бір үрдісті ұстай біліп, өз ұрпағын иманды, рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеп, отбасындағы ұлы махаббатты қоғамға бере алған жанұялардың одағын нағыз отбасы дер едім. Қазіргі таңда отбасылық құндылықтардың, жастардың бойында адамгершілік қасиеттердің жоғалуы, тәрбиенің төмендеуі кең өріс алып, болашаққа деген үрей туғызуда. Дана халқымыздың: «Естігеннен емес, көргеніңнен жаңылма» деген сөзі бар. Ендеше, тәрбиенің басты құралы - іс-әрекет. Сондықтан балаға жақсы ісімізбен өнеге болып, тәрбие беруге тырысуымыз керек, - дейді ол.

Зульфия Абдулдинованың айтуынша, қазіргі қоғамда ажырасудың көбеюі отбасындағы ішкі тыныштықтың бұзылуы салдарынан болуда. Соңғы кезде отбасындағы әке де, ана да өз жауапкершіліктерін білмейтін болды. Тіпті, қоғамда ата-ана ретінде өз жауапкершілігін мойнына алғысы келмейтін жандар да көбейген. Бұл нені білдіреді? Бұл қоғамда отбасы құндылықтарының жойылып, тәрбиенің әлсіреп бара жатқандығын білдіреді.

Қазір отбасылық құндылықтары түгілі, ар-ұят, намыс, ождан секілді қазақ халқы жаннан қымбат санаған қасиеттер жоғалып, қоғам санасы уланып барады. Соның салдарынан бүгінгі қоғамда жетім-жесір, жауапсыз әке, көкек ана көбейіп, бұл проблема қазіргі уақыттың асқынған дертіне айналуда. Қырық жыл қырғын болса да, шаңырағын шайқалтпаған әкелер, тағдырдың қанша тауқыметін көрсе де мойымай, баласын мойнына салып жүріп жеткізген аналарымыздың жолын жалғастыратын ұрпағымыз қайда? Жағдайымыз жақсарып, сауатымыз артқан сайын қоғамда отбасы құрғаннан гөрі ажырасу деректері көбеюде. Бұған себеп - отбасын құрған екі адамның арасындағы түсініспеушілік, мінездің жараспауы, нәпсіқұмарлық, қызғаныш, баланың болмауы, тұрмыстық тауқымет, жетіспеушілік, бір-біріне деген сенімнің, сыйластықтың жоқтығы. Заман дамып, өзгерген сайын адамдардың да отбасылық құндылықтарға деген көзқарасы өзгеріп барады. Себебі заманға сай адам психологиясы да өзгереді. Ал адам психологиясы өзгерсе, кейбір отбасыларда зорлық-зомбылық орын алады. Нәзік жандардың ер адамдар тарапынан зорлық-зомбылық, зәбір көруі олардың арасындағы сезімді суытып, отбасылық жылуды жояды. Әсіресе, жазықсыз жапа шексе, бұл әрекет жиі қайталанатын әдетке айналса, мұндай отбасының ертеңі бұлыңғыр. Өкінішке орай, мұндайоқиғалар бүгінгі қоғамда жиі кездесетіні жасырын емес, - дейді психолог.

Бүгінде тәжірибелі маман Ақтөбе қаласындағы отбасын қолдау орталығында осындай қиын кезеңдерді бастан өткерген, түрлі қиындықтарға тап болған отбасылармен, ерлі-зайыптылармен жұмыс жүргізеді. Аталған орталықта бүгінде отбасылық көмекке мұқтаж жандарға арнайы қызмет көрсетіледі. Орталықта медиаторлар, психологтар, заңгерлер, логопедтер мен қоғамдық ұйымдардың белсенді мүшелері қабылдау жүргізеді. Жұмыспен қамту және әлуметтік көмек көрсету мәселелері де осы орталықта қаралады.

Орталықта проблемалық мәселелер толық шешімін тапқанға дейін адамдарға жан-жақты көмек көрсетіледі. Мұнда көп балалы аналарға, қиын жағдайға тап болған, мүгедек бала тәрбилеп отырған аналарға арнайы тегін курстар ұйымдастырылады. Орталық арнайы оқу–үйрету кабинеттерімен жабдықталған. Биыл жыл басынан бері орталықта оқып білім алып, кәсіп үйреніп, сертификат алған қыз-келіншектердің жасаған бұйымдарын сатып, табыс табуына мүмкіндік жасау мақсатында жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңке өте жоғары деңгейде өтіп, орталықтың аналар қауымына үлкен үміт пен қуаныш сыйлады. Ұлыстың Ұлы күнінде орталығымызда көмекке мұқтаж жастарымыз некесін қиып, шаңырақ көтерді. Жас жұбайларға «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жүлдегерлері келіп, баталарын берді. Сонымен қатар Дүниежүзілік Даун синдромын хабардар ету күніне орай күн сәулелі балаларға қуаныш сыйлау мақсатында орталықта мерекелік шара ұйымдастырды. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Түптеп келгенде, бұл біздің қолдауға, көмекке мұқтаж отбасыларға, жандарға көрсетіп жатқан қызметіміз деуге болады. Біз орталықта отбасы құндылықтарын насихаттай отырып, барша жандарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Ең бастысы, көмекке мұқтаж жандар келіп, бізге жолығуы керек, - дейді Зульфия Абдулдинова.

Қай кезде де отбасы - кез келген мемлекеттің, халықтың бүгіні мен болашағының бүтіндігінің кепілі. Сондықтан отбасы құндылықтарын насихаттау, дәріптеу, некенің беріктігін сақтау, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу өте маңызды. Лайым елімізде тұрақтылық болып, барлық отбасы бақыт пен берекеге, балаларымыз қуанышқа кенеле берсін!

Өзгелердің жаңалығы