Алматы тұрғындары заңгерлік көмекке көбіне отбасы, алимент, мұрагерлік және мүлік дауларына қатысты мәселелер бойынша жүгінеді. Бұл туралы Алматы қалалық адвокаттар алқасы Президиумы төрағасының орынбасары Гүлнар Байғазина айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, азаматтың құқығының бұзылғанын анықтау әр адамның өз ұстанымына байланысты.
Адам өз құқығының бұзылғанын сезінбесе, оның құқығы бұзылды деп айту қиын. Мұны әркім өзі бағалайды, – деді Гүлнар Байғазина.
Ол мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында тұрғындардың ең көп көтеретін мәселелері отбасы құқығына қатысты екенін атап өтті. Атап айтқанда, алимент өндіру, ажырасу, мұрагерлікке таласу, ортақ мүлікті бөлу сияқты даулар жиі кездеседі.
Гүлнар Байғазинаның айтуынша, еңбек заңнамасына қатысты шағымдар соңғы уақытта азайған. Бұрын заңсыз жұмыстан шығару секілді мәселелер бойынша өтініштер жиі түссе, қазір мұндай жағдайлар сирек тіркеледі.
Сондай-ақ тұрғындар отбасындағы жанжалдар мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелер бойынша да құқықтық көмек сұрайды. Бұдан бөлек, жол-көлік оқиғаларына байланысты заңгер кеңесіне жүгінетіндер де бар.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, отбасылық кикілжіңдерге және жол-көлік оқиғаларына қатысты сұрақтармен келетін азаматтар аз емес, – деді ол.
Спикердің мәліметінше, Алматы қаласында сегіз ауданға қызмет көрсететін 16 заң консультациясы жұмыс істейді. Бұл мекемелер қылмыстық істер бойынша тергеу органдары мен соттардың қаулылары негізінде азаматтарға адвокаттар тағайындап, заң көмегін көрсетеді.