Отбасылық айтыстың жеңімпазы анықталды

1 Қазан 2019, 10:06
5240
Бөлісу:
Отбасылық айтыстың жеңімпазы анықталды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласында «Nur Otan» партиясының қолдауымен «Отан отбасынан басталады» атты ақындар айтысы өтті. Бұл айтыстың басты ерекшелігі бір отбасынан шыққан ақындардың өзара бақ сынасуы болды. Соған орай өнерсүйер қауым әже мен немере, әке мен бала, аға мен іні сияқты отбасылық айтыстарға куә болды.

Айтыстың ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұл өнердің қазақ үшін қашанда орны бөлек екенін айтып, алдағы уақытта партия тарапынан айтысқа жүйелі қолдау көрсетілетініне тоқталды.

«Айтыс – ежелден келе жатқан асыл мұрамыз. Бұл өнердің әлем үшін де орны бөлек. Сондықтан ЮНЕСКО айтысты адамзаттың мәдени мұраларының тізіміне қосып отыр. Алдағы уақытта «Nur Otan» партиясы сөз сайысына жүйелі түрде қолдау көрсетеді. Бұл – тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап айтысты қолдап келе жатқан Елбасы, партия Төрағасының тікелей тапсырмасы», – деді Бауыржан Байбек.

WhatsApp Image 2019-10-01 at 10.00.23.jpeg

Сондай-ақ ол төл өнеріміздің халықты алаңдатқан мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететін қозғаушы күш екенін де атап өтті.

«Айтыста қоғамдағы өзекті мәселелер ашық айтылып, ортаға түрлі оң ұсыныстардың тасталатыны белгілі. Мәселен таяуда ғана Қарағандыда өткен халықаралық ақындар айтысында көптеген ұтымды ойлар айтылды. Олардың бәрін жергілікті басшылық ескеріп, сол бойынша нақты жұмыстарды қолға алады деп сенеміз. Мәслихаттардағы біздің фракцияның мүшелері де осындай айтыстарға арнайы келіп, ақындар көтерген мәселелерді жазып алып, олардың әрі қарай орындалуын қадағалауға алады», – деді Бауыржан Байбек.

WhatsApp Image 2019-10-01 at 10.00.24 (1).jpeg

Сөз барысында айтыстың тақырыбына да назар аударған ол отбасы мен салт-дәстүр партияның басты құндылықтарының бірі екенін жеткізді.

«Бұл айтыстың тақырыбын «Отан отбасынан басталады» деп алуымыздың себебі ең басты құндылығымыз отбасы институтын одан әрі нығайтып, сол арқылы елдігімізді күшейту. Өйткені партиямыздың Доктринасында адам, оның бостандығы, заңның үстемдігі, әділеттілік сияқты құндылықтармен бірге отбасы және дәстүрге де ерекше мән берілген. Сондықтан төл өнерімізге жүйелі қолдау көрсетіп, ірі аламан айтыстарды тұрақты өткізіп тұрамыз. Соның арқасында айтыс өнері жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз», – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

WhatsApp Image 2019-10-01 at 10.00.23 (1).jpeg

Отбасылық сөз сайысында еліміздің бірқатар өңірінен келген 7 жұп өнер көрсетті. Атап айтқанда, айтыскер ана Егеухан Мұқамәдиқызы (Дәулеткерей Кәпұлының анасы) немересі, жас талант Ардакерей Кәппен, ақын Қайыртай Ақылбеков ұлы Рүстем Қайыртайұлымен, Бекарыс Шойбеков інісі (ағасының ұлы) Дәурен Ақсақаловпен, Иран-Ғайып Күзембаев ағасы Талғат Күзембаевпен, Амангелді Панабердиев ағасы Серікбол Панабердиевпен, Бекжан Ержігіт ағасы Ержан Әміровпен және Дидар Қамиев інілері Ұланғасыр, Айдар Қамиевтермен айтысты.

Ақындар отбасылық құндылықтар тұтас еліміздің дамуына тікелей әсер ететін басты тетіктердің бірі екенін айтып, ертеңіміздің жарқын болуы үшін осы мәселеге ерекше көңіл бөлу керектігіне тоқталды. Әсіресе, бала тәрбиесіне, жастарды адал еңбекке, отаншылдыққа баулуға, қоғамды масылдықтан арылтуға қатысты ұтымды сөздер айтылды. Мәселен Қамиевтер айтысында жастарға жыр-дастандарды жаттатқызудың маңызы зор екені сөз болса, әже мен немере айтысы аталған Кәп әулетінің сөз сайысында тәуелсіздіктің қадір-қасиеті кеңінен дәріптелді. Ал әкелі-балалы Қайыртай Ақылбеков мен Рүстем Қайыртайұлы ауыл мен қала халқын алаңдатқан мәселелерді түгел қамтып, жырға қосты. Одан бөлек, ақындар әдемі әзіл мен қағытпа қалжынға да орын тауып, залға жиналған ағайынның ыстық ықыласына бөленді.

WhatsApp Image 2019-10-01 at 10.00.24 (3).jpeg

Нәтижесінде әйгілі театр және кино актері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасының шешімімен Қайыртай Ақылбеков мен Рүстем Қайыртайұлының жұбы бас жүлде 3 миллион теңгені еншіледі. Екінші орын (2 миллион теңге) әже мен немере болып сахнаға шыққан Кәп әулетіне бұйырса, үздік үштікті (1 миллион теңге) ағайынды Қамиевтер түйіндеді. Айтысқа қатысқан басқа да ақындарға қаржылай сый-сияпат көрсетілді.

WhatsApp Image 2019-10-01 at 10.00.24.jpeg

Осы ретте ескере кетер жайт, күннің дүйсенбі болғанына қарамастан айтыстың ақ сарайы атанып кеткен «Республика сарайында» ине шаншар орын болған жоқ. Бұл халықтың айтысқа деген ерекше махаббаты мен ықыласының жарқын көрінісі екені сөзсіз.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде «Nur Otan» партиясының қолдауымен жылдың соңына дейін бес бірдей аламан айтыс өтетіні жарияланған болатын. Алматыдағы айтыс соның үшіншісі. Осыған Атырау және Қарағанды қалаларында ұйымдастырылды. Енді Нұр-Сұлтан және Орал қалаларында өтпек.

Өзгелердің жаңалығы