Отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына салықтық жеңілдіктер ұсынылмақ

Жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатып алу кезінде шикізаттың елішілік құндылығына қойылатын талапты кезең-кезеңімен арттыру ұсынылды.

4 Қыркүйек 2026, 22:23
АВТОР
 Үкіметтің баспасөз қызметі 4 Қыркүйек 2026, 22:23
4 Қыркүйек 2026, 22:23
151
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қазақстандық шикізатты пайдалануды арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ мектеп формасының сапасына қойылатын талаптар күшейтілмек.

Бұл шаралар Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жеңіл өнеркәсіп өкілдерімен кездесуде ұсынылды. Шешімдер пакеті отандық өндірушілердің бұған дейін айтқан ұсыныстары негізінде әзірленген.

Негізгі бастамалардың бірі мемлекеттік қорғаныс тапсырысына қатысты. Жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатып алу кезінде шикізаттың елішілік құндылығына қойылатын талапты кезең-кезеңімен арттыру ұсынылды. Бұл қазақстандық шикізатты көбірек пайдалануға және отандық кәсіпорындарды тұрақты тапсырыспен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар «Еңбек» РМК арқылы бір көзден сатып алынатын жеңіл өнеркәсіп тауарларының тізбесін қайта қарау көзделіп отыр. Нәтижесінде отандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қолжетімділігі кеңеймек.

Өзгерістер мектеп формасына да қатысты. Оның сапасына қойылатын талаптарды ұлттық стандарттарға сәйкестік деңгейінде нормативтік тұрғыдан бекіту ұсынылды.

Бизнес үшін өнімді сертификаттау мен зертханалық сынауға кететін шығындарды азайту шаралары да қарастырылған. Өнімді сынауға бірыңғай тарифтер белгілейтін әдістеме әзірленбек. Бұл қызметтердің құнын ашық етуге және өндірушілердің шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.

Жедел шаралар заңға тәуелді актілер арқылы, ал жүйелі өзгерістер заңнамаға түзетулер енгізу жолымен жүзеге асырылмақ.

Бұдан бөлек, жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында Салық кодексі мен басқа да заңнамалық актілерге түзетулер пакеті дайындалды. Локализацияны арттыру жөнінде міндеттеме қабылдаған кәсіпорындарға бірқатар салықтық жеңілдіктер беру қарастырылып отыр.

Наверх