Отандық зертханалардың базасын жаңарту керек – сенатор

Бүгiн, 11:42
118
Бөлісу:
Отандық зертханалардың базасын жаңарту керек – сенатор
Фото: senate.parlam.kz

Сенатор Әли Бектаев Премьер-министр Олжас Бектеновке азық-түлік сапасын бақылау зертханаларының жағдайы нашар екеніне байланысты сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Азық-түлік қауіпсіздігінің негізі және бастапқы факторы елімізде шеттен келетін және өзімізде өндірілетін өнімдердің сапасын бақылау. Өйткені азаматтарымыздың, әсіресе ұрпағымыздың денсаулығы азық-түліктің сапасына тікелей байланысты. Ол үшін зерттеу жүргізетін зертханалардың жұмысы, материалдық жағдайы, құрал-жабдықтары, мамандардың деңгейі зымырап бара жатқан заманның талабына сай болуы тиіс. Өкінішке қарай, біз аралап көрген референттік орталықтар мен зертханалардың материалдық жағдайы халықаралық стандарттарға сай деп айта алмаймыз, - деді сенатор.

Оның айтуынша, зертханалардың тозығы жетіп, кейбірі жабылып қалған.

Лабораториялардың көпшілігінің қызмет ету мерзімі 50 жылдан асқан. Апатты немесе жалға алған ғимараттарда орналасқан. Ондағы көптеген құрылғылар ескіргенімен қатар, өндірістерден де шығарылған. Осылай 2016-2023 жылдар аралағында 15 зертхана жабылған. Зертханалардың жетіспеуі, құрал-жабдықтардың тозуы облыс, аудан көлемінде қатты байқалады. Өз өңірлерінде тиісті зерттеулер өткізе алмаған шекара бойындағы фермерлердің ресейлік зертханаларға жүгінуі қалыпты жағдайға айналды. Ал базарлардағы азық-түліктің сапасын анықтау жеке зертханалардың еншісіне берілген. Құрал жабдықтары нашар. Өздері сол базардан жалға алынған ғимаратта отырған зертханалар, әрине базар иесіне тәуелді. Қандай анықтама бер десе, соны беріп отыра береді. Біздің ойымызша азық-түлік қауіпсіздігі мемлекеттің бақылауында болуы керек, - деді ол.

Сенатор мамандардың тапшылығын да айтып, жалақы аз екенін жеткізді.

Түрлі қауіпті инфекциялармен жұмыс істейтін сала қызметкерлерінің жалақыларының төмендігі мәселе. Ветеринарлық қызметкерлер арасында ең төменгі жалақыны лаборанттар алады. Шамамен 100-110 мың теңге. Ал санитарлық-эпидемиологиялық зертханадағы мамандардың жалақысы арасында дизбаланс пайда болған. Врач, вирусологтардың жалақысы 320 мың көлемінде болса, биолог, энтомолог, химик 140-150 мың теңгенің көлемінде ғана жалақы алады. Осыған байланысты салаға жас мамандар келмейді. Келсе де тұрақтамайды, - деді Әли Бектаев.

Өзгелердің жаңалығы