Отандық вакцинаның толық дайындалып шығу мерзімі – 3 жыл

28 Сәуір 2020, 16:26
1695
Бөлісу:
Отандық вакцинаның толық дайындалып шығу мерзімі – 3 жыл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев министрліктің Facebook-тегі парақшасында өткен тікелей эфир барысында айтты.

Орталық директоры коронавирус инфекциясын жұқтырған ауыр халдегі науқастарды емдеу үшін Семей ғалымдары ұсынған "Сурфактант" препаратына қатысты ойын айтты.

Наурыз айынан бастап бұл препаратты әлем тәжірибесінде қалай қолданылып жатқанын бақылау жұмыстары жүргізілді. Бұл дәрі коронавирус инфекциясын жұқтырған ауыр халдегі науқастарды емдеу мақсатында қолдану үшін үнемі назарда болды және оны семейлік ғалымдар сәтті жүзеге асырды. Онда КВИ-мен ауырған науқасқа басқа да препараттармен бірге осы дәріні де қолданған. Нәтижесінде науқас жазылып шықты. Қазір бұл дәрі қолданыста бар және берілген ережелерге сай пайдаланылатын болады, - деді ол.

Тікелей эфир барысында Арнұр Исабайұлы қазіргі таңда коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеуге қатысты зерттеу жұмыстарының басталып кеткенін жеткізді. 

Қазір 4 вакцина кандидаты таңдалып алынды. Оның екеуі ұлттық биотехнология орталығында дайындалып жатыр, тағы екеуі биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) еншісінде. Бұл вакциналарды дайындау жұмыстары ұзақ жүреді. Негізі, дайындалу және сынақ мерзімі, шамамен 3 жылды құрайды. Жұмыс басталғанымен, отандық вакцинаның толық дайындалып шығу мерзімін уақыт көрсетеді, - деді ол.

Орталық директорының мәлімдеуінше, бүгінде әлемде түрлі компаниялар дайындап жатқан 7 вакцина кандидаты бар. Оның төртеуі қытайлық болса, үшеуі еуропалық және америкалық. 

Қазір зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Менің ойымша, олар вакцинаны жарты немесе 1,5 жыл ішінде дайындап шығады. Еліміздің ғалымдары әлемдік ғалымдармен тығыз байланыста. Генотиптік зерттеу, зерделеу жұмыстары барлық ғалым жұмылдырылған түрлі халықаралық базалардан алынады. Сондықтан, зерттеу жұмыстары жеке дара жүргізілмейді, - деді Арнұр Нұртаев.

Өзгелердің жаңалығы