Отандық онлайн-дүкендерді дамытуымыз керек - Смайылов

16 Қаңтар 2024, 11:20
400
Бөлісу:
Отандық онлайн-дүкендерді дамытуымыз керек - Смайылов
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов отандық онлайн-дүкендерді дамытуымыз керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда әлем елдерінде электрондық сауда нарығы тоқтаусыз дамып келеді. 2025-ші жылға қарай әлемдегі интернет-сауданың үлесі бөлшек саудадан 25%-ке асып түседі деп күтілуде. Бұған онлайн және офлайн-дүкендердің бизнес-процестерінің өзгеруі, өнімді орналастыру мен жарнамалаудың жаңа форматтары ықпал етіп отыр, – деді Үкімет басшысы.

Оның сөзінше, мұның барлығы сатып алушыларды кеңінен тартуға мүмкіндік береді әрі олардың уақытын үнемдейді.

Қазақстанда 2023-шы жылы е-коммерция көлемі 2,2 трлн теңгеден асып, барлық бөлшек сауданың 13%-ке жетті. Біздегі нарықтың ауқымды бөлігі шетелдік интернет-алаңдарға тиесілі. Осы мүмкіндікті өз өнімдерімізді әлемдік нарықта өткізудің қосымша каналы ретінде пайдалануымыз керек. Сонымен қатар отандық онлайн-дүкендерді де дамыту қажет. Ол үшін төлем жүйелерінің, көлік-логистика инфрақұрылымының және курьерлік қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету керек, – деді Смайылов.

Үкімет басшысы осы тарапта тұтынушылардың құқықтарын қорғау да маңызды мәселе екенін атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін қажетті түзетулер әзірленіп, олар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасына енгізілгенін де айтты.

Бұл құжат қазір Парламент қарауында және жақын арада қабылданады деп күтеміз. Сондай-ақ, халықпен қатар, бизнестің де цифрлық сауаттылығын арттыру қажет. Бұған Электрондық коммерцияға оқыту орталықтары ішінара ықпал етеді. Мұндай орталықтарды бүкіл республика бойынша ашу керек, –деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы