Отандық өнімге басымдық: Сауда желілері мен маркетплейстер неге міндеттеледі?

Енді маркетплейстер қазақстандық тауарларды іздеу нәтижесінде басым көрсетуге, арнайы «Қазақстанда жасалған» бөлімдерін құруға, отандық өнімді алгоритмдік тұрғыда ілгерілетуге міндеттелуі мүмкін.

Бүгiн 2026, 18:00
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 18:00
Бүгiн 2026, 18:00
128
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда отандық өнімді қолдау бағытында жаңа өзгерістер дайындалып жатыр. Енді «Қазақстанда жасалған» белгісі тек дүкен сөрелерінде ғана емес, маркетплейстерде де ерекше көрінуі мүмкін.

Сауда және интеграция министрлігі BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына жолдаған жауабында қазақстандық өнімдерді ілгерілетуге қатысты жаңа талаптар, бақылау тетіктері мен жауапкершілік шаралары туралы айтты.

Сауда желілеріне қандай талап қойылады?

Ішкі сауда қағидаларына сәйкес, 1-4 санаттағы сауда субъектілері отандық өндірістегі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларды кемінде 30% көлемінде орналастыруы тиіс.

Ал мемлекеттік қолдау алатын сауда объектілері үшін бұл көрсеткіш 50%-ға дейін жеткізілген:

  • 30% – Ішкі сауда қағидалары аясында;
  • 20% – мемлекеттік қолдау шаралары аясында.

Министрлік мәліметінше, қазақстандық тауарлар дүкендерде көз деңгейінде орналастырылып, «Қазақстанда жасалған» арнайы таңбалауымен ерекшеленеді.

«Қазақстанда жасалған» белгісі қалай беріледі?

Қазіргі таңда «Қазақстанда жасалған» белгісі арнайы ұлттық стандартпен реттеледі. Атап айтқанда, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап СТ РК 3836-2023 «Қазақстанда жасалған» таңбалау белгісі» ұлттық стандарты күшіне енген.

Министрліктің мәліметінше, өнімді таңбалау ерікті негізде жүзеге асады.

Өндіруші арнайы хабарламаны «е-КТРМ» ақпараттық жүйесі арқылы электронды цифрлық қолтаңба көмегімен жолдайды. Белгінің жарамдылық мерзімі – 3 жыл.

Белгіні алу үшін кәсіпкер:

  • Қазақстан резиденті болуы;
  • «СТ-KZ» сертификатына ие болуы;
  • ерікті сәйкестік сертификаты болған жағдайда оны көрсетуі тиіс.

Маркетплейстерге де жаңа міндеттемелер енгізіледі

Енді талаптар онлайн-сауда алаңдарына да таралмақ.

Министрліктің Ішкі сауда қағидаларына енгізіп жатқан жаңа түзетулерге сәйкес, маркетплейстер қазақстандық тауарларды іздеу нәтижесінде басым көрсетуге, арнайы «Қазақстанда жасалған» бөлімдерін құруға, отандық өнімді алгоритмдік тұрғыда ілгерілетуге міндеттелуі мүмкін.

Қазіргі уақытта бұйрық жобасы жария талқылаудан өтіп жатыр. Кейін құжат мемлекеттік органдармен келісіліп, Әділет министрлігінде тіркеледі, - дейді ведомство.

Министрлік бұл бастаманың басты мақсаты маркетплейстердің жұмысына араласу емес, тұтынушыға отандық өнімді оңай табуға мүмкіндік беру екенін айтады.

Қазақстандық тауарлар іздеуде қалай жоғары шығады?

Ішкі сауда қағидаларының 200-тармағына сәйкес, электрондық сауда алаңдары «Қазақстанда жасалған» белгісі бар тауарларды іздеу нәтижесінде басым көрсетуі тиіс.

Министрлік енді бұл талапты нақты алгоритмдік тетіктер арқылы күшейтпек.

Енді қазақстандық өнімдер жоғарырақ позицияда көрсетілуі, арнайы сүзгілер енгізілуі және ұлттық витриналар құрылуы мүмкін, - делінген жауапта.

Халықаралық тәжірибеде мұндай тәсіл кеңінен қолданылады. Көптеген елдер жергілікті өнімді қолдау үшін арнайы цифрлық сүзгілер мен ұлттық бөлімдер енгізген.

Отандық өнімнің үлесі қанша?

Министрлік 31 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бойынша елдегі 40-тан астам сауда желісіне талдау жүргізген.

2026 жылғы 6 ақпандағы мәлімет бойынша қазақстандық өнім үлесі – 83%, Ресей өнімі – 11,5%, Беларусь – 1,9%,Украина – 0,55%, Қырғызстан – 0,45%-ды құрады, - дейді министрлік өкілдері.

Ал Ведомство ұсынған мәліметке сәйкес, ең жоғары отандық үлес:

  • пияз – 100%;
  • нан – 99,7%;
  • сәбіз – 97%;
  • жұмыртқа – 95%;
  • картоп – 94%;
  • ұн – 94,3%-ды құрап отыр.

Министрлік бұл көрсеткіштер кейбір өңделген өнімдер бойынша отандық өндірісті әлі де күшейту қажет екенін көрсететінін айтады.

Ал сауда желілері талаптарды сақтай ма?

Министрлік «Сауда желілерінің отандық өнімді сатып алушылардың көз деңгейінде орналастыру жөніндегі талаптарды сақтамау фактілері тіркелді ме?» деген сауалымызға 137 сауда нысанын тексерілгенін айтып жауап берді.

Нәтижесінде 118 объектіде бұзушылық анықталмаған. Ал  19 сауда нүктесінде 30% сөрелік талап сақталмаған. Яғни тексерілген объектілердің 86%-ы талаптарға сәйкес келген.

Талапты бұзғандарға қандай жаза бар?

Әкімшілік кодекске сәйкес, заңды нұсқаманы орындамағаны үшін 100-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ал отандық тауарларға қолжетімділікті шектегені үшін – 100 АЕК, бір жыл ішінде қайталанса -200 АЕК айыппұл көзделген.

Сонымен қатар сауда желілерінің заңсыз бонус немесе сыйақы талап етуіне де шектеу қойылған. Мәселен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша заңсыз сыйақы талап етілсе немесе рұқсат етілген 5%-дан артық бонус алынса, 300 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.

Баға өсіп кетпей ме?

Министрлік жаңа талаптар бағаның негізсіз өсуіне емес, керісінше тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Ішкі нарықта отандық өнім үлесінің артуы тұрақты жеткізу арналарының дамуына және импорттық өнім мен сыртқы баға факторларына тәуелділіктің төмендеуіне ықпал етеді, - дейді жауапты орган.

Ozon.kz қазақстандық тауарларға арнайы бөлім ашқан

BAQ.KZ тілшісі осы мәселеге қатысты ірі маркетплейстерге хабарласқан. Алайда әзірге тек Ozon.kz платформасынан жауап келді.

Баспасөз қызметі сайтта қазақстандық өнімдерге арналған арнайы бөлім жұмыс істейтінін хабарлады.

Сайттың басты бетінде «Қазақстанда жасалған» атты арнайы бөлім бар. Егер сатушы тауардың Қазақстанда өндірілгенін құжатпен растаса, оның карточкасы автоматты түрде осы бөлімге енгізіліп, іздеу нәтижесінде басымдыққа ие болады. Қазіргі уақытта аталған бөлімде жергілікті өндірістегі 500 мыңға жуық тауар ұсынылған, - делінген жауапта.

Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай тәсіл сатып алушыларға қазақстандық өнімді оңай табуға мүмкіндік береді. Ал отандық кәсіпкерлер үшін өз өнімін кең аудиторияға таныстырып, жаңа клиенттер тартуға жол ашады.

Наверх