Қазақстанда отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалып, оған қойылатын талаптар күшейтілді. Бұл бастама өндірісті дамытуға бағытталған ба, әлде мемлекеттік сатып алуларды «тазалаудың» тетігі ме? Осы және өзге де сұрақтарға QazIndustry – Қазақстан индустрия және экспорт орталығы АҚ-ның ірі кәсіпорындар айналасында ШОБ белдеуін құру жөніндегі дирекциясының басшысы Жансая Жақыпова жауап берді.
– Ашық айтсақ, бұл Реестр Қазақстандағы өндірісті дамыту үшін жасалды ма, әлде мемлекеттік сатып алуларды «тазалау» құралы ғана ма? Қайсысы басым?
Реестр бір мезгілде екі міндетті шешеді. Бір жағынан, бұл – отандық өндірісті дамыту құралы. Ол Қазақстанда шынымен өнім шығаратын кәсіпорындарды нақты анықтауға және дәл сол компаниялардың мемлекеттік қолдау шараларына, сатып алуларға және ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Екінші жағынан, Реестр сатып алулар жүйесінде тәртіп орнатады. Бұрын құжат жүзінде ғана «өндіруші» болып көрінген, бірақ іс жүзінде өнім өндірмеген формалды компанияларды нарықтан шығарады.
Негізгі мақсат – адал әрі ашық шарттар қалыптастыру. Сатып алуларға тек нақты өндірушілер қатысқанда, бизнес те, мемлекет те ұтады: кәсіпорындар тұрақты сұраныс пен даму ынтасына ие болады, ал бюджет сапалы өнім алады.
– Реестрге енген кәсіпорындардың ішінде өнімді толық өзі шығаратындар қанша, ал тек жинақтау немесе қаптаумен айналысатындар қанша?
Реестрдің басты қағидасы – өнімнің Қазақстанда нақты өндірілетінін растау. Сондықтан тек қаптаумен немесе формалды жинақтаумен айналысатын кәсіпорындар Реестрге енгізілмейді. Реестрге кірген барлық компаниялар өндірістік және технологиялық операцияларды орындағанын дәлелдеуі тиіс. Бұл – шикізатты қайта өңдеу, бөлшектерді дайындау, дәнекерлеу, механикалық немесе химиялық өңдеу сияқты өнімнің қасиетін өзгертетін нақты процестер. Егер кәсіпорын тек дайын жиынтықтарды жинаумен немесе қаптаумен шектелсе, мұндай қызмет отандық өндіріс ретінде танылмайды және Реестрге кіруге негіз болмайды. Осылайша, тізілімде тек Қазақстан аумағында толыққанды өндіріс жүргізетін немесе талаптарға сай қайта өңдеу жасайтын кәсіпорындар ғана бар.
– Реестр «жалған отандық өндірушілерді» жою үшін жасалды дейсіздер. Қазіргі таңда қанша компания Реестрге кіре алмады немесе одан шығарылды?
Бүгінгі күнге дейін өтінімдерді қарау барысында 2,2 мыңнан астам өтінім кері қайтарылды. Бұл шамамен 400 компанияға қатысты. Олар Қазақстанда нақты өндірістің бар екенін растай алмады. Бас тартудың негізгі себептері – расталған технологиялық операциялардың, өндірістік қуаттардың болмауы, локализация бойынша сенімді деректердің жоқтығы және цифрлық верификация нәтижелерінің төмендігі. Сонымен қатар бұрын индустриялық сертификаттары болған кейбір компаниялар да Реестрге кіре алмады. Бұл бұрынғы құралдардың әрдайым нақты өндірісті көрсете бермегенін аңғартты. Қазір Реестр өз міндетін іс жүзінде орындап отыр – формалды қатысушылардан тазартып, қолдауды нақты өндірушілерге бағыттауда.
– Кейбір кәсіпкерлер Реестрге кіру талаптары күрделі әрі шығыны көп дейді. Бұл шағын және орта бизнестің жолын жаппай ма?
Бұл алаңдаушылық түсінікті, бірақ Реестр талаптары ШОБ-ты шектеу үшін емес, нақты өндірісі бар кәсіпкерлерді қолдау үшін қойылған.
Қымбат немесе ерекше шарттар талап етілмейді. Кәсіпорын өзінде бар өндірістік қуаттарды, жабдықтарды және технологиялық операцияларды растауы жеткілікті. Егер бизнес Қазақстанда шынымен өнім шығарып отырса, бұл талаптар шағын және орта бизнес үшін де орындалатын шарттар. Керісінше, Реестр ШОБ үшін мемлекеттік сатып алуларға және ірі жобаларға жол ашады.
– Реестрге кірмеген, бірақ Қазақстанда нақты өндірісі бар компания мемлекеттік сатып алуларға қатыса ала ма?
– Компания автоматты түрде шеттетілмейді, ол сатып алуларға жалпы негізде қатыса алады. Алайда егер сатып алу шарттарында отандық өнімге басымдық немесе міндетті талап көзделсе, Реестрге енгізілмеген тауар қазақстандық деп танылмайды. Сондықтан мемлекеттік немесе реттелетін сатып алулармен жұмыс істеуді жоспарлайтын кәсіпорындар үшін Реестрге кіру іс жүзінде қажетті шартқа айналып отыр.
– Реестрге енген кәсіпорындардың басым бөлігі қай салаларға тиесілі?
Негізгі үлес өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі: машина жасау, металлоөңдеу, электротехника, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдары. Сонымен қатар тамақ өнеркәсібі мен металлургия салаларындағы кәсіпорындар да бар. Басымдық формалды қызметке емес, қосылған құн жасайтын нақты өндірістерге берілген.
– 5 мыңға жуық кәсіпорынның қаншасы бүгінде нақты келісімшарт ұтып отыр?
Реестр әлі де белсенді түрде толтырылу кезеңінде. Сондықтан оны бірден келісімшарттар санымен байланыстыру ертерек. Дегенмен қазірдің өзінде Реестрдегі кәсіпорындардың мемлекеттік және реттелетін сатып алуларға белсенді қатысып, келісімшарттар алып жатқанын көруге болады. Маңыздысы – Реестр келісімшартты автоматты түрде бермейді. Ол тек қатысу құқығын және преференцияларға қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Ал нақты нәтиже бағаға, сапаға және жеткізу мерзіміне байланысты.
– Бұл Реестр ірі бизнеске ыңғайлы, ал шағын өндірушілерге ауыр емес пе?
Жоқ. Реестр бастапқыда ірі бизнеске арнап жасалған жоқ. Талаптар барлық кәсіпорындарға бірдей. Негізгі өлшем – компания көлемі емес, Қазақстанда нақты өндірістің болуы. Қазіргі таңда жүйеде авторизациядан өткен 5 мыңнан астам компанияның едәуір бөлігі – шағын және орта бизнес. Сонымен қатар Реестрге кіру үшін қосымша қаржылық шығындар талап етілмейді.
Керісінше, бұл құрал ШОБ үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, адал өндірушілерді әділетсіз бәсекеден қорғайды.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!