Отандық кәсіпорындардың өндірісті жаңғыртуға жұмсалған шығындары өтеледі

10 Мамыр 2025, 21:09
519
Бөлісу:
Отандық кәсіпорындардың өндірісті жаңғыртуға жұмсалған шығындары өтеледі
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы өндірістерді жаңғырту, еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерлету шығындарының бір бөлігін өтей отырып, отандық кәсіпорындарға белсенді қолдау көрсетуді жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биылғы жылдың басынан бері QazIndustry кәсіпорындардан түскен жалпы құны 148,6 млн теңгені құрайтын өтінімдерді мақұлдады. Бұл қаражат технологиялық үдерістерді жетілдіруге, цифрлық шешімдерді енгізуге, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және жаңа жабдықтар сатып алуға бағытталған. Бұл жөнінде бизнесті ынталандыру дирекциясы хабарлады.

Өтінім беру жағынан Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы, сондай-ақ Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы индустрия өкілдері белсенділік танытты. Ал салалар бойынша ең көп өтінім машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, металлургия, жеңіл және фармацевтика өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардан түсті.

Көптеген кәсіпорындар бизнесті ынталандыру тетіктерін пайдалануға белсенді кірісуде. Өткен жылы еліміз бойынша жалпы 1,2 миллиард теңгеге өтінімдер мақұлданған.

Кәсіпорындар өз шығындарын бірнеше бағыт бойынша өтей алатынын еске салған жөн. Мысалы, Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы технологиялық жабдықты сатып алу, оны орнату, іске қосу және техникалық қызмет көрсетуге кеткен шығынның 40%-на дейінін өтеуге көмектеседі (бірақ жылына 60 млн теңгеден аспайды). Бұл ереже автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу мен цифрлық жабдық сатып алу шығындарына да қатысты.

Бұдан басқа, кәсіпорындар қызметкерлердің біліктілігін арттыруға немесе шетелдік мамандарды тартуға жұмсалған шығындарды өтей алады.

Мұндай ерекше бизнесті ынталандыру тетіктері кәсіпорындарға дамуға мүмкіндік беріп, өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халықаралық нарықтарға шығуға жол ашады.

Өзгелердің жаңалығы