Отандық ғалымдар полиэфир шайырын алу технологиясын әзірледі

14 Шілде 2022, 21:13
1781
Бөлісу:
Отандық ғалымдар полиэфир шайырын алу технологиясын әзірледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі құрылыс нарығы қазіргідей қарқынды дамыған тұста заманауи құрылыс материалдарынан жасалған отандық өнім жетіспеушілігі айқын көрініп отыр. 

KazDataInsider порталының мәліметтеріне сүйенсек, жалпы отандық өндірушілердің 15 пайызы, яғни 3767 кәсіпорын құрылыс материалдарын шығарумен айналысады. Дегенмен бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше ел үшін тым аз көрсеткіш. Ахуалды өзгертудің ең тиімді жолы – инновациялық, бәсекеге қабілетті өнім әзірлеу және импорттың орнын басатын өнім өндірісін жолға қою.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарының аясында зертхана жағдайында қанықпаған полиэфир шайырын алу технологиясын әзірледі. «Полиэфир шайырын және соның негізінде дайын өнімдер алу» атты бұл жобаға Г.С.Ирмухаметова, С.А.Ефремов, С.В.Нечепуренко, Эль-Саед Негим, Д.Лисюков секілді ғалымдар жұмыс істеді. Ондағы мақсат – еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыру. Нәтижесінде мономерлердің қатынасы мен поликонденсацияның оңтайлы шарттары анықталды. Бұл физика-химиялық қасиеті жағынан шетелдік шайырлардан кем түспейтін құны арзан өнім алуға мүмкіндік берді.

Полиэфир шайырлары (PS) құрылыс, құрылымдық және композиттік материалдар ретінде әртүрлі өнеркәсіптік және тұрмыстық мақсаттарда қолданылады. Соның ішінде композитті материалдар даярлаушы сала өндірілген полиэфирлі шайырдың 98 пайызын тұтынады. Басқа лак-бояу материалдарын, құрылыс материалдарын, қалың массаларды өндіру секілді салаларда да қолданылғанымен, жалпы көрсеткіш мардымсыз. Өйткені қанықпаған полиэфир шайыры – композиттер өндірісіндегі негізгі байланыстырушы материалдардың бірі. Қазіргі таңда полиэфир шайырлары әлемдік композиттер өндірісінде де, көршілес Ресей Федерациясының нарығында да негізгі байланыстырушы компонент болып отыр.

Полиэфир шайырларын тұтыну мөлшерін талдай отырып, композиттік материалдар нарығының негізгі проблемаларын жанама түрде болжауға болады. Мәселен, 2015 жылы Қазақстанда полиэфирлі шайырды тұтыну көлемі 5000 тоннадан асқан. Солай бола тұра, елімізде оны өндіретін арнаулы кәсіпорындар жоқ. Полиэфир шайыры қосылған композиттік материалдардың өндірістік шығыны да аз болады, сол себепті экономикалық тұрғыдан тиімді. Олардың тағы бір артықшылығы – мұндай материалдар қайта қалпына келу қасиетіне ие және дайын өнімнің физика-механикалық қасиеттері өзгермейді. Демек, полиэфирлі шайыр негізінде жасалған композиттік материалдар тұтыну нарығында бәсекеге қабілетті.

Әлем бойынша термореактивті шайырларды тұтыну деңгейі

Аталған оқу орнында зертханалық жағдайда алынған әртүрлі мақсатта қолдануға жарайтын полиэфирлі шайырдың тәжірибелік үлгілері «ВАСТЕ» ЖШС-інде шыны пластиктен сәндік бұйымдар мен жасанды тастан тақтайшалар жасау процесінде өнеркәсіптік сынақтан өтті. Басты мақсат – отандық шайырдың импорттық баламаларды алмастыру мүмкіндігін анықтау және сол арқылы шикізаттық шығындарды азайту.

Г.С.Ирмухаметова жетекшілік ететін «Арнайы мақсаттағы полиэфирлі шайырлардың тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін құру» жобасының жаңалығы – беріктігі, соққы тұтқырлығы және қаттылығы жоғары қанықпаған полиэфирлі шайыр алу. Бұл жетілдірілген тәсіл бойынша жасалатын жаңа технология. Оны әртүрлі композиттік материалдар – құрылыс материалдарын, шыны пластик, жасанды тас, автомобиль шанақ бөлшектер, радиоэкран жиынтығын өндіруде қолдануға болады. Жобаны қаржыландыратын – «Ғылым қоры» АҚ мен басты серіктес компания «ВАСТЕ» ЖШС.

2018 жылғы 31 қазанда «ВАСТЕ» ЖШС өндірістік алаңы базасында «Арнайы мақсаттағы полиэфир шайырларының тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін құру» жобасын іске асыру шеңберінде әзірленген полиэфир шайырларының тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісі іске қосылды. Сәйкесінше әртүрлі композиттік және құрылыс материалдарын өндіруде қолдануға болатын арнайы мақсаттағы полиэфир шайырларын алу жолға қойылды.

Өндіріс аясында жылына 200-300 тоннаға дейін полиэфир шайырларын шығаруға болады. Бастапқы кезеңде қанықпаған полиэфир шайырларының екі маркасы шығарылады.
Біріншісі – ALMAPOL 111 TP, жалпы мақсаттағы ортофталь қанықпаған полиэфир шайыры, тиксотропты және шыныпластикті өндіру барысында пайдаланылады. Қолмен қалыптау, бүрку арқылы шыны пластик бұйымдар өндірісінде, фибробетон дайындауға арналған шыны пластик қалыптар өндірісінде, автотюнингте және басқа да салаларда қолданылады.

Екіншісі – ALMAPOL 121 P, ортофталь қанықпаған полиэфир шайыры жасанды тас, полимербетон өндіру үшін пайдаланылады. Құю арқылы кәдесый өнімдерін өндіруде, жиһазды әрлеуге арналған декор өндірісінде, мүсіндер және т.б. өндірісте қолданылады.
Полиэфирлі шайыр жасайтын кәсіпорын құру отандық өндірушілердің қатарын көбейтіп қана қоймай, импорттан бағасы 15-20 пайызға төмен отандық шикізат өнімдерін ұсынады. Осы арқылы елдегі композитті материал өндірушілерді де қолдауға мүмкіндік береді.
Соңғы жиырма жылда әлемдік нарықта қанықпаған полиэфир шайырларын тұтыну орташа есеппен 6 пайызға тұрақты өсіп келеді. Әрине, пандемия көптеген статистикалық мәліметтердің өзгеруіне ықпал етті. Дегенмен дүниежүзілік сарапшылар алдағы онжылдықта да бұл көрсеткіш жалғаса бермек деп болжап отыр.

Өйткені дәстүрлі материалдарға балама ретінде көлік құралдарын өндіруде, құрылыста, электроникада және инфрақұрылымда композиттік материалдарды қолдану белең алуда. Өсу қарқыны да барлық елде біркелкі болмайтыны белгілі. Мәселен, сарапшылар Еуропа мен Солтүстік Американың неғұрлым дамыған елдерінде 2-3 пайыз болады деп долбар жасаса, Азия мен Еуропаның орташа дамыған елдерінде 7-8 пайыз болады деген пікірді алға тартуда. Себебі композитті материалдар өндірісінің неғұрлым дамыған елдерден аз дамыған елдерге «қоныс аударуының» негізгі себептері – неғұрлым арзан жұмыс күші және Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріндегі экологиялық нормалар мен талаптардың күшеюі.

2020-2026 жылдары әлемдегі полиэфир шайырларын тұтыну болжамы

Қазақстан дамушы елдер қатарында болғандықтан, осы әлемдік үрдістің бір бөлшегіне айналып, аймақтық нарықты игеруіне жол ашылмақ. Сонымен қатар өнімдерді ЕАЭО елдеріне экспорттау арқылы экономикадағы өнеркәсіп көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Бұл импортты алмастыру мақсатында бәсекелестік позицияны жақсартудың тағы бір жолы болмақ. Жоба сәтті жүзеге асырылса, экономика мен әлеуметке де оң әсер етеді. Себебі, біріншіден, полиэфирлі шайыр өндірісі Қазақстандағы полимерлі композиттік материалдар өндірісін отандық шикізатпен қамтамасыз етеді. Екіншіден, өнеркәсіптің басқа салаларының, атап айтқанда: құрылыс, машина жасау, жел энергетикасы, түсті металлургия және т.б. дамуына ықпал етеді.

Өзгелердің жаңалығы