Отандық ғалымдар Алматы облысында биогаз кешенін іске қосты

19 Сәуір 2022, 10:44
1287
Бөлісу:
Отандық ғалымдар Алматы облысында биогаз кешенін іске қосты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық ғалымдар Алматы облысында мобильді автоматтандырылған биогаз кешенін іске қосты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бір құрылғы арқылы тәулігіне 16 тонна био тыңайтқыш және 30 куб биометан шығарылады. Сондай-ақ газдың көмегімен электр энергиясын үнемдеуге болады. Жобаның тағы бір ерекшелігі – оның қолжетімділігі. Себебі кешенге қажетті материалдардың 80 проценті өз елімізде жасалған. 

Алматы облысы Елтай елді мекенінде ашылаған «Мобильді автоматтандырылған биогаз кешені» ауыл шаруашылығының дамуына ғана емес экологияның тазаруына да өз үлесін қосады. Өйткені малдың биоқалдықтарынан бөлінетін метан ауаның ластануына әкеп соғады. Сондай-ақ соңғы уақыттары қолданып жүрген химиялық тыңайтқыштар жердің құнарлығын құртады дейді мамандар. 

Малдың тірідей биомассасын жерге себетін болсаң, ол шірімейінше, оның ішінде арамшөптер қаптайды. Яғни малдың жеген шөбінің дәндері өлмейді. Мына жерде дәндер толыққанды өліп, арамшөп шықпайды. Жылыжайларға толыққанды қолдануға болады, – деді жобаның бас инженері Салауат Дауылбаев.

Газ алу үшін ірі-қараның қалдықтары сумен араластырылып, арнайы метандық бактерия қосылған реакторға құйылады. 18 күннен кейін толыққанды биогаз пайда болады. Ал қалған биомасса тазартылып, тыңайтқыш жасалады. Осылайша фермерлер қосымша пайда таба алады.

Сол 2018 жылдан 2021 жылдың аяғына дейінгі үш жылдық кезеңге арналған жоба. Қаржыландыру көлемі 200 млн-нан астам. Ғылым қоры қаржыландырып отыр. Оңтүстік облыстарда бір аймақта екі реттен, үш реттен өнім алады. Міне, осы жағдайлардың бәріне тыңайтқыш қажет болып отыр. Оның үстіне қазіргі заманда тыңайтқыштардың бағасы көтерілуде. Немесе химиялық тыңайтқыштар. Біздің ұсынып отырған таза биологиялық тыңайтқыштар, – деді жоба жетекшісі Еділхан Әмірғалиев.

Бұл жобаны мамандар отандық құрал-жабдықтарды пайдалана отырып жүзеге асырған. Үш жыл сынақтан өткен соң, биогаз кешені коммерцияландырыла бастайды. Әзірше тәулігіне 16 тонна биотыңайтқыш пен 30 куб биогаз өндіру жоспарлануда. Жоба жетекшілері бұл көрсеткішті болашақта бірнеше есе ұлғайтуды көздейді. Сол кезде шетелдік компанияларға ешқандай тәуелділік болмайды деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы